Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 18 шiлдедегi № 133 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 20 шiлдеде № 33125 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгі туралы ереженің 15-тармағының 200) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Копоративтік даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидалардың 2 бабының 7) тармақшасын қоспағанда алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау
министрінің м.а.
Т. Султангазиев

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің м.а.
2023 жылғы 18 шілдедегі
№ 133 бұйрығына
қосымша

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану
ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгі туралы ереженің 15-тармағының 200) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға бағытталатын резервін қалыптастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптарда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері көрсететін қызметтерді сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;

      4) күтпеген шығыстарды жабу кезеңі (бұдан әрі – жабу кезеңі) – Қазақстан Республикасының аумағында "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төтенше жағдай немесе "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тоқтатылған немесе күші жойылған күннен бастап 6 айдан аспайтын кезең;

      5) күтпеген шығыстар – Қазақстан Республикасында төтенше жағдай қолданылған кезеңде және Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай тоқтатылған немесе жойылған күннен басталатын және (немесе) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдары жойылғаннан кейінгі жабу кезеңінде халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуіне байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалатын, кенеттен туындауына байланысты тиісті қаржы жылына арналған шығыстарды қалыптастыру кезінде жоспарлау мүмкін болмаған және тиісті қаржы жылында тез арада қаржыландыруды талап ететін шығыстар;

      6) қордың резерві – қор жабу кезеңінде күтпеген шығыстарды қаржыландыру үшін ағымдағы қаржы жылына көздеген, ай сайынғы негізде қалыптастырылатын қаражат;

      7) нысаналы жарна - республикалық бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтеусіз және қайтарымсыз төлемдер.

2-тарау. Қордың күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру

      3. Күтпеген шығыстарды жабу үшін қор резервін есептеуді қор ай сайын әр айдың бірінші күні мынадай формула бойынша жүзеге асырады:

      RRF = (OT + VZ) х R,

      мұнда:

      RRF – есепті күнге қор резерві;

      OT – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдар түсімдерінің көлемі;

      VZ – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу үшін және әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу үшін республикалық бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтеусіз және қайтарымсыз төлемдерді қоспағанда жарналар түсімдерінің көлемі;

      R – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы №71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесінің (бұдан әрі – Ереже) 15 тармағының 84) тармақшасына сәйкес белгіленген қор резервінің пайыздық мөлшерлемесі.

      OT, VZ – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу үшін және әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу үшін республикалық бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтеусіз және қайтарымсыз төлемдерді қоспағанда есептік айға жарналар түсімдерінің көлемі.

      4. Күтпеген шығыстарды жабу үшін қор резервінің пайдаланылған сомасы осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес ай сайын есепке аудару арқылы Ереженің 15 тармағының 84) тармақшасына сәйкес белгіленген мөлшерге дейін толтырылады және ол пайдаланылған айдан кейiнгi айдан бастап аударылады.

      5. Ағымдағы қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған күтпеген шығыстарға арналған резерв қаражаты келесі қаржы жылына ауысады.

3-тарау. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың күші жойылған, төтенше жағдайдың күші жойылған немесе тоқтатылған жағдайларда қор резервін пайдалану

      6. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың күші жойылғаннан, төтенше жағдай тоқтатылғаннан немесе оның күші жойылғаннан кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесіндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге арналған резервті пайдалану туралы шешімді қор уәкілетті органмен келісім бойынша қабылдайды.

      Уәкілетті орган қордың резервті пайдалану қажеттілігі туралы ұсынысын ол келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды және қорды оны қарау қорытындылары туралы хабардар етеді.

      Қор МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің түрлерін көрсете отырып, шешім қабылданған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау субъектілерін резервті пайдалану туралы қабылданған шешім туралы хабардар етеді.

      Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың күші жойылғаннан, төтенше жағдай тоқтатылғаннан немесе оның күші жойылғаннан кейін МӘМС жүйесіндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге арналған резервті пайдалану қажеттігі туралы шешімді уәкілетті орган келіскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау субъектілері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жабу кезеңіне халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуіне байланысты медициналық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемдерінің ақысын төлеуге өтінім (бұдан әрі – өтінім) қалыптастырады және оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) келісуге жібереді. Өтінімге МӘМС жүйесінде медициналық көмектің түрлері мен көлемдері бойынша көрсетілетін қызметтерге қосымша қажеттілік сомасының есеп-қисабы қоса беріледі.

      7. Жергілікті атқарушы органдар өтінім түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оны келіседі немесе ескертулерді көрсете отырып, келіспей қайтарады.

      Денсаулық сақтау субъектілері ескертулерді жойғаннан кейін жергілікті атқарушы органдарына өтінімді келісуге қайта жібереді.

      8. Денсаулық сақтау субъектілері жергілікті атқарушы органдарымен келіскеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде, бірақ әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тоқтатылған немесе төтенше жағдайдың күші жойылған немесе оның күші жойылған күннен бастап үш ай мерзімнен кешіктірмей өтінімді қорға жібереді.

      9. Қор осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген өтінімдер беру мерзімі аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қор резервін пайдалану туралы шешім қабылдайды.

      Қор резервін пайдалану туралы шешім мынадай жағдайда қабылданады:

      төтенше ахуал немесе төтенше жағдай енгізілген мерзімнің аяқталуы;

      денсаулық сақтау субъектілері өтінімінің және (немесе) өтінімдерінің болуы;

      медициналық көмектің өтінім берілетін түрлері мен көлемдерінің әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдаймен себептік байланысының негізделуі;

      Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдары жойылғаннан, төтенше жағдай тоқтатылғаннан немесе оның күші жойылғаннан кейін халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуі.

      10. Қор "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21744 болып тіркелген) (бұдан әрі – сатып алу қағидалары) көзделген тәртіппен қор резервінің қаражатын денсаулық сақтау субъектілерінің арасында бөледі.

      Денсаулық сақтау субъектілері күтпеген шығыстарды жабу үшін бөлінген қор резервінің қаражатын МӘМС жүйесінде жабу кезеңінде медициналық қызметтер көрсетумен байланысты шығыстарды жабуға ғана пайдаланады.

4-тарау. Резервті төтенше жағдай қолданылатын кезеңде пайдалану

      11. Төтенше жағдай кезеңінде МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге арналған резервті пайдалану туралы шешімді қор уәкілетті органның келісімі бойынша қабылдайды.

      Уәкілетті орган қордың резервті пайдалану қажеттігі туралы ұсынысын ол келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды және қорды оны қарау қорытындылары туралы хабардар етеді.

      Қор МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің түрлерін көрсете отырып, шешім қабылданған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау субъектілерін резервті пайдалану туралы қабылданған шешім туралы хабардар етеді.

      Төтенше жағдай қолданылатын кезеңде резервті пайдалану қажеттігі туралы шешімді уәкілетті орган келіскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау субъектілері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жабу кезеңіне халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуіне байланысты медициналық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемдерін сатып алуға өтінім (бұдан әрі – өтінім) қалыптастырады және оны жергілікті атқарушы органдарына келісуге жібереді. Өтінімге МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің түрлері мен көлемдері бойынша көрсетілетін қызметтерге қажеттілік сомасының есеп-қисабы қоса беріледі.

      12. Жергілікті атқарушы органдары өтінім келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оны келіседі және денсаулық сақтау субъектілеріне жібереді немесе ескертулерді көрсете отырып, өтінімді келіспей қайтарады.

      Денсаулық сақтау субъектілері ескертулерді жойғаннан кейін өтінімді келісуге жергілікті атқарушы органдарына қайта жолдайды.

      Өтінімді қайта келісуді жергілікті атқарушы органдар өтінім қайта қарауға келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      13. Денсаулық сақтау субъектісі жергілікті атқарушы органдары келіскеннен кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтінімді қорға жібереді.

      14. Қор осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген денсаулық сақтау субъектілерінен өтінім берілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қор резервін пайдалану туралы шешім қабылдайды.

      Қор резервін пайдалану туралы шешім мынадай жағдайда қабылданады:

      төтенше жағдай жариялау туралы актіні қабылдау;

      денсаулық сақтау субъектілері өтінімінің және (немесе) өтінімдердің болуы;

      медициналық көмектің мәлімделген түрлері мен көлемдерінің төтенше жағдаймен себептік байланысының негіздемесі;

      төтенше жағдай кезінде халықтың медициналық қызметтерге қажеттілігінің өсуі.

      15. Қор резервінен берілетін қаражатты қор сатып алу қағидаларында көзделген тәртіппен денсаулық сақтау субъектілері арасында бөледі.

      Төтенше жағдай қолданылатын кезеңде күтпеген шығыстарды жабу үшін қор резервінен бөлінген қаражатты денсаулық сақтау субъектілері МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге байланысты шығыстарды жабуға ғана пайдаланады.

  Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қорының күтпеген
шығыстарды жабуға арналған
резервін қалыптастыру және
пайдалану қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Жабу кезеңіне халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуіне байланысты медициналық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемдерінің ақысын төлеуге өтінім

Жабу кезеңі:

басталатын және аяқталатын күні

Төтенше жағдайды енгізу туралы нормативтік құқықтық акт:

атауы, күні және нөмірі

Төтенше жағдайдың тоқтатылғаны немесе күші жойылғаны туралы нормативтік құқықтық акт:

атауы, күні және нөмірі

Күтпеген шығыстардың сомасы:

теңгедегі сома жазумен

Қосымша:

1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының келісуі; 2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің түрлері мен көлемдері бойынша қосымша қажеттілік сомасының есебі - _______ парақ (парақтар).

      Денсаулық сақтау субъектісінің басшысы: _____________________________

      (қолы, Т.А.Ә. (бар болса), күні)

      М.О. (бар болған жағдайда)

  Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қорының күтпеген
шығыстарды жабуға арналған
резервін қалыптастыру және
пайдалану қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Жабу кезеңіне халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуіне байланысты медициналық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемдерін сатып алуға өтінім

Жабу кезеңі:

басталатын және аяқталатын күні

Төтенше жағдайды енгізу туралы нормативтік құқықтық акт:

атауы, күні және нөмірі

Қаржы шығыстардың сомасы:

теңгедегі сома жазумен

Қосымша:

1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының келісуі; 2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің түрлері мен көлемдері бойынша қосымша қажеттілік сомасының есебі - ____ парақ (парақтар).

      Денсаулық сақтау субъектісінің басшысы: ___________________________

      (қолы, Т.А.Ә. (бар болса), күні)

      М.О. (бар болған жағдайда)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады