Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 165 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 20 қыркүйекте № 33441 болып тіркелді

      "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау тәртібі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 165 Бұйрығымен
бекітілген

Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 32-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландыру үшін әлеуметтік және экономикалық жобаларды (бұдан әрі – жобалар) іріктеу және өлшемшарттарын айқындау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Арнаулы мемлекеттік қор (бұдан әрі – Қор) – Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында ақшаның түсімдері мен жұмсалуын есептеу үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты;

      2) әлеуметтік жобалар – денсаулық сақтау, білім беру, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын, мүгедек адамдарды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ауыл жастарын, жұмыссыздарды, моноқалалар, ауылдық елді мекендер тұрғындарының мұқтаждықтары үшін коммуналдық және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым объектілерін қолдау саласындағы жобалар және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де жобалар;

      3) экономикалық жобалар – экономика салаларын дамытуға, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін қажетті өндірістерді құруға (жаңғыртуға) бағытталған жобалар.

2-тарау. Әлеуметтік және экономикалық жобалардың өлшемшарттарын айқындау тәртібі

      3. Жобаларды әзірлеуді орталық мемлекеттік органдар/жергілікті атқарушы органдар осы Қағидаларда айқындалған өлшемшарттарға сәйкес келген кезде жүзеге асырады.

      4. Жобалар бойынша өлшемшарттарды айқындау Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 4-бабында айқындалған бюджеттік жүйе қағидаттарының негізінде жүзеге асырылады.

      5. Жобаларды айқындау өлшемшарттары:

      1) жобалардың Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларына және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкестігі;

      2) жобалардың Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес бюджеттік инвестициялық саясаттың басым бағыттарының біріне (экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымдық-инновациялық даму, әлеуметтік саланы жаңғырту) сәйкестігі;

      3) объектілерді салу немесе реконструкциялау жөніндегі жобалардың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларына сәйкес техникалық жағынан күрделі емес және (немесе) үлгілік жобаларға сәйкестігі;

      4) жобалардың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 20 сәуірдегі № 29, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 164, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі № ҚР ДСМ-50, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 243, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі № 113 және Қазақстан Республикасы цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 56/НҚ бірлескен бұйрықтарымен бекітілген Елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18592 болып тіркелді);

      5) басқа көздер есебінен қаржыландырудың қайталануының болмауы;

      6) жұртшылықтың жобаға бастамашылық жасауы және (немесе) оны бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жариялауы болып табылады.

      6. Қор қаражаты есебінен мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ағымдағы бюджеттік бағдарламаларына жататын шығыстар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, қаржы даму институттарына, екінші деңгейдегі банктерге және микроқаржы ұйымдарына бюджеттік кредиттер қаржыландырылмайды.

3-тарау. Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу тәртібі

      7. Бюджеттік инвестицияларды іріктеу және іске асыру тәртібі Кодекстің 152, 153, 154, 157 және 159-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Бюджеттік инвестициялар бойынша қажетті құжаттаманы әзірлеуді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудiң орындылығын айқындау қағидаларына сәйкес мемлекеттік органдар жүзеге асырады (бұдан әрі – № 129 Қағидалар).

      9. Мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға мемлекеттік жоспарлау ақпараттық жүйесінің "Мемлекеттік инвестициялық жобалар" модулі арқылы инвестициялық ұсыныстарды және (немесе) қаржы-экономикалық негіздемелерді қалыптастырады және ұсынады.

      10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган инвестициялық ұсыныстарды және (немесе) қаржы-экономикалық негіздемелерді қарайды және олар бойынша экономикалық қорытындыларды № 129 Қағидаларда көзделген бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау және іріктеу тәртібінде айқындалған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік органдарға жібереді.

      11. Экономикалық сараптама жүргізу кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган мемлекеттік органдардың инвестициялық ұсыныстарын экономикалық орындылығы, жоба мақсаттарының экономика саласын (аясын) дамыту басымдықтарына, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің белгіленген құжаттарына, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларына, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкестігі тұрғысынан, сондай-ақ жобаның жоғарыда аталғандарға сәйкестігі тұрғысынан өлшемшарттар бойынша қарайды.

      12. Инвестициялық ұсыныстарға және (немесе) қаржы-экономикалық негіздемелерге оң экономикалық қорытындылардың негізінде мемлекеттік органдар Қор қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесін қарау үшін Республикалық бюджет комиссиясына (бұдан әрі – Комиссия) құжаттар топтамасын қалыптастырады.

      13. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік органдардың жобаларын растайтын құжаттардың болуы және осы Қағидаларда айқындалған өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      14. Жобаларды іріктеуді және Комиссияның қарауына шығаруды орталық мемлекеттік органдар (бұдан әрі – ОМО) Заңның 32-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен құжаттарды ұсынған кезде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

      15. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган ОМО-ның қолдаухаты негізінде Қор қаражаты шегінде Әлеуметтік және экономикалық жобалар тізбесінің (бұдан әрі - Тізбе) жобасын қалыптастырады.

      16. Комиссия ОМО өтінішхаттарының осы Қағидалардың және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын Қор қаражатын пайдалану мен мониторингтеу тәртібінің талаптарына сәйкестігін қарайды.

      17. Комиссия мақұлданған жағдайда Тізбе 5 жұмыс күні ішінде тиісті ОМО-лар мен Қазынашылық комитетіне жіберіледі және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастыруға тиіс.

      18. Жобаларды қаржыландыруды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады. Қор қаражаты шектеулі болған жағдайда әлеуметтік жобаларға басымдық беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады