Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидаларын, Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартына қойылатын талаптарды және сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейін, Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы есебінің қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 98 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 3 қаңтарда № 33876 болып тіркелді

      "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 23-1-бабының 4 және 5-тармақтарына және 23-2-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мына:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидалары;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартына қойылатын талаптарды және сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейі;

      3) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы есебінің қағидалары бекітілсін.

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және

      халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш

      өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2023 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 98 Қаулыға
1-қосымша

Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-2-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты (бұдан әрі – зейнетақы алдындағы аннуитет шарты) бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Е-макет" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "Е-макет" ААЖ) – "Зейнетақы төлемдерін және жәрдемақыларды электрондық тағайындау" автоматтандырылған ақпараттық жүйе;

      2) "Электрондық еңбек биржасы" ақпараттық порталы – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) сәйкес жұмыс іздеуді және қызметкерлерді іріктеуге жәрдемдесуді, жұмыспен қамту саласында электрондық және проактивті форматта қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін ізденушілер мен жұмыс берушілер үшін жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасы болып табылатын ақпараттандыру объектісі.

      3. Сақтандыру ұйымы мен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі – еңбек жөніндегі уәкілетті орган) ақпараттық жүйесі арасында зейнетақы алдындағы аннуитет шарттарды жасасу және орындау кезінде ақпарат алмасу сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым арқылы жүзеге асырылады.

2-тарау. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру қағидалары

      4. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдері (бұдан әрі – сақтандыру төлемі) Әлеуметтік кодекстің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлерге (бұдан әрі – қызметкер, алушы) зейнетақы алдындағы аннуитет шартын жасасу арқылы жүзеге асырылады.

      5. Жұмыс беруші (сақтанушы) еңбек жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне еңбек шартының тоқтатылуы не еңбек шарты талаптарының өзгеруі туралы ақпарат енгізілгеннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде қызметкердің пайдасына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға өтінішпен сақтандыру ұйымына жүгінеді.

      Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға өтінішті жұмыс беруші (сақтанушы) өтініштің берілген күні жұмыс берушіде (сақтанушыда) қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты қолданыста бар сақтандыру ұйымына береді.

      6. Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға өтінішті алғаннан кейін сақтандыру ұйымы қызметкердің Әлеуметтік кодекстің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген сақтандыру төлемін алу шарттарына сәйкестігін еңбек жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне тиісті сұрату жіберу арқылы тексеруді жүзеге асырады.

      7. Сақтандыру ұйымы еңбек жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен қызметкердің сақтандыру төлемін алу шарттарына сәйкес келмеуі туралы хабарлама алған кезде сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға өтініш берілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сақтандыру төлеміндерін жүзеге асырудан бас тартады.

      8. Сақтандыру ұйымы еңбек жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен қызметкердің сақтандыру төлемін алу шарттарына сәйкестігі туралы хабарлама алған кезде сақтандыру ұйымы мен жұмыс беруші (сақтанушы) арасында қызметкердің пайдасына зейнетақы алдындағы аннуитет шарты жасалады.

      9. Сақтандыру төлемдері оны сақтандыру ұйымы "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) міндетті түрде сақтандыру төлемдерінің кезеңін көрсете отырып және сақтандыру төлемдерін алушылардың тізімін қоса бере отырып аудару жолымен жүзеге асырылады.

      Сақтандыру төлемдері Мемлекеттік корпорацияға ай сайын сақтандыру төлемі жүзеге асырылатын айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірілмей аударылады.

      Айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кейін сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға өтініш түскен кезде сақтандыру төлемін сақтандыру ұйымы ай аяқталғанға дейін қалған күндерге барабар ай үшін тиесілі сақтандыру төлемін ескере отырып, Мемлекеттік корпорацияға аударады.

      Мемлекеттік корпорация айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей сақтандыру ұйымына Мемлекеттік корпорацияға түскен сақтандыру төлемдерінің артық есептелген (төленген) сомаларын аударады.

      10. Сақтандыру төлемдері сақтандыру ұйымы жұмыс берушіден (сақтанушыдан) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға өтініш алған күннен бастап және қызметкер Әлеуметтік кодекстің 207-бабында белгіленген зейнетақы жасқа толғанға дейінгі кезең үшін жүзеге асырылады.

      Алушы қайтыс болған жағдайда сақтандыру төлемі қайтыс болған айды қоса алғанда, алушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен кезде – кету айын қоса алғанда жүзеге асырылады.

      11. Сақтандыру төлемінің ай сайынғы мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір шамасын құрайды.

      Сақтандыру төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруін ескере отырып жүзеге асырылады.

3-тарау. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерін тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібі

      12. Сақтандыру төлемдері сақтандыру ұйымы келесі мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады:

      1) сақтандыру төлемдерін алушының банктік шоты бойынша үш және одан да көп ай шығыс операциялары болмаған жағдайда. Бұл ретте сақтандыру төлемдері тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;

      2) сақтандыру төлемдерін алушының Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуі. Бұл ретте сақтандыру төлемдері Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұруға келген күннен бастап қайта басталады, бірақ тоқтата тұру күнінен ерте емес;

      3) шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың қолданыс мерзімі өткеннен кейін. Бұл ретте сақтандыру төлемдері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен ерте емес қайта басталады;

      4) сақтандыру төлемдерін алушыға қатысты хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы растаушы құжаттың немесе адамды хабарсыз жоғалды деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы. Бұл ретте сақтандыру төлемдері хабарсыз жоғалған адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылған не адамды хабарсыз жоғалды деп тану жөнінде сот шешімінің күшін жою туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап, бірақ тоқтата тұру күнінен ерте емес қайта басталады.

      13. Сақтандыру төлемдері сақтандыру ұйымы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Е-макет" ААЖ-дан алынған мәліметтер негізінде тоқтатыла тұрады және (немесе) қайта басталады.

      14. Сақтандыру төлемдерін тоқтата тұру және (немесе) қайта бастау кезінде жұмыс берушіге және қызметкерге "Е-макет" ААЖ-дан "Электрондық еңбек биржасы" ақпараттық порталының жеке кабинетіне сақтандыру төлемдерін тоқтата тұру және (немесе) қайта бастау туралы хабарлама жіберіледі.

      15. Сақтандыру төлемдерін тоқтата тұру және (немесе) қайта бастау талаптары Зейнетақы алдындағы аннуитет шартының бөлігі болып табылады. Сақтандыру төлемдерін тоқтата тұру зейнетақы алдындағы аннуитет шартын тоқтатуға әкеп соқпайды.

      16. Сақтандыру төлемі мыналар:

      1) сақтандыру төлемдерін алушының қайтыс болуы;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісі анықталғаны;

      3) сақтандыру төлемдерін алушының пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі анықталғаны туралы мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.

      17. Сақтандыру төлемдері сақтандыру Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Е-макет" ААЖ-дан алынған мәліметтер негізінде тоқтатылады.

      18. Сақтандыру төлемдерінің тоқтатылуына себеп болған мән-жайлардың басталуы тиісті зейнетақы алдындағы аннуитет шартының тоқтатылуына әкеп соғады.

  Зейнетақы алдындағы
аннуитеттік сақтандыру шарты
бойынша сақтандыру
төлемдерін жүзеге асыру,
тоқтата тұру, қайта бастау және
тоқтату қағидаларына қосымша
Нысан

Өлшемдер

1

Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартының нөмірі

2

Төлемге өтініштің нөмірі

3

ЖСН

4

Тегі

5

Аты

6

Әкесінің аты (бар болса)

7

Төлем түрі

8

Төлем мәртебесі (тоқтата тұру/қайта бастау/тоқтату)

9

Қайта бастау (__.__.____ж. - __.__.____ж.)

10

Тоқтата тұру немесе қайта бастау немесе тоқтату себебі

11

ЭЦҚ

      Ескерту:

      8-жолда мынадай талаптардың бірі көрсетіледі:

      сақтандыру төлемдерді тоқтата тұру/қайта бастау/тоқтату;

      алушының Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуі;

      алушының банктік шоты бойынша үш және одан да көп ай бойында шығыс операцияларының болмауы;

      алушыны хабарсыз кетті деп тану;

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты жоқ алушының Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуы;

      шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың қолданыс мерзімінің аяқталуы;

      сақтандыру төлемдерін алушының пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу;

      сақтандыру төлемдерін алушының қайтыс болуы.

  Қаулыға
2-қосымша

Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартына қойылатын талаптар және сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейі

      1. Осы Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартына қойылатын талаптар және сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейі (бұдан әрі – Талаптар) "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 23-1-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартына (бұдан әрі – зейнетақы алдындағы аннуитет шарты) қойылатын талаптарды және сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы алдындағы аннуитет шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейін айқындайды.

      2. Зейнетақы алдындағы аннуитет шартын жұмыс беруші (сақтанушы) мен сақтандыру ұйымы еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкердің (бұдан әрі – қызметкер) пайдасына қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру) шеңберінде жазбаша нысанда жасалады.

      3. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты қызметкердің "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – дербес деректер туралы Заң) талаптарына сәйкес дербес деректерін жинауға, өңдеуге және сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға және сақтандыру ұйымына беруге келісімі болған кезде жасалады.

      Сақтандыру ұйымы қызметкердің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімін дербес деректер туралы Заңда көзделген тәсілдермен алуды қамтамасыз етеді.

      4. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты сақтандыру ұйымы сақтанушыдан өзі қол қойған зейнетақы алдындағы аннуитет шартын алған күннен бастап жасалған болып саналады.

      Қол қойылған зейнетақы алдындағы аннуитет шартын сақтанушы сақтандыру ұйымынан өзі қол қойған зейнетақы алдындағы аннуитет шартын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сақтандыру ұйымына жібереді.

      Сақтандыру ұйымы қол қойған зейнетақы алдындағы аннуитет шартын сақтандыру ұйымы сақтанушы қызметкердің пайдасына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға өтініш берген күннен бастап 4 (төрт) жұмыс күні ішінде сақтанушыға жібереді.

      5. Зейнетақы алдындағы аннуитет шартын жасасу үшін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған кезде сақтанушы зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы мен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының қалған бөлігі арасындағы айырмаға тең сақтандыру сыйлықақысының сомасын төлейді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген оқиға болған кезде зейнетақы алдындағы аннуитет шарты сақтанушыдан сақтандыру ұйымына сақтандыру сыйлықақысы толық мөлшерде түскен күннен бастап күшіне енеді.

      6. Жасалған зейнетақы алдындағы аннуитет шарты туралы Талаптарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ақпаратты сақтандыру ұйымы шарт жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне жібереді.

      7. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты мына мәліметтерді қамтиды:

      1) зейнетақы аннуитет шартының нөмірі;

      2) сақтандыру ұйымының атауы, орналасқан орны, телефоны және банктік деректемелері;

      3) сақтанушының (жеке тұлғалар үшін) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жеке басын куәландыратын құжатты берген органның нөмірі, күні, жеке сәйкестендіру нөмірі, резиденттік белгісі (резидент/бейрезидент) және экономика секторы, тұрғылықты жері, байланыс телефон нөмірлері;

      4) сақтанушының (заңды тұлғалар үшін) атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, резиденттік белгісі (резидент/бейрезидент) және экономика секторы, орналасқан жері, байланыс телефон нөмірлері;

      5) сақтандырылушы (пайда алушы) жөнінде нұсқау (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жеке басын куәландыратын құжатты берген органның нөмірі, күні, жеке сәйкестендіру нөмірі, резиденттік белгісі (резидент/бейрезидент), тұрғылықты жері, байланыс телефон нөмірлері);

      6) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган сақтандыру ұйымына берген аннуитеттік сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензияны берген күні, сериясы және нөмірі туралы мәліметтер;

      7) зейнетақы алдындағы аннуитет шартының мәні (Заңға сәйкес қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде жазатайым жағдайлардан оны мiндеттi сақтандыру шарты бойынша пайда алушы болып табылатын тұлғаның пайдасына зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру);

      8) сақтандыру объектісін көрсету;

      9) сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, тәртібі және төлеу мерзімі;

      10) сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың мөлшері, тәртібі мен мерзімдері, оның ішінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың басталу және аяқталу күні, сақтандыру төлемдерін тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттары;

      11) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      12) зейнетақы алдындағы аннуитет шартының қолданылу аумағы;

      13) зейнетақы алдындағы аннуитет шартының қолданылу мерзімі;

      14) зейнетақы алдындағы аннуитет шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жағдайы мен тәртібі;

      15) зейнетақы алдындағы аннуитет шартын бұзу және тоқтату жағдайы мен тәртібі;

      16) тараптардың қолтаңбалары;

      17) зейнетақы алдындағы аннуитет шартының жасалған күні.

      8. Сақтандыру ұйымының жасалатын Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстары әрбір сақтандыру төлемінің 3 (үш) пайызынан аспайды.

  Зейнетақы алдындағы
аннуитеттік сақтандыру
шартына қойылатын nалаптарды
және сақтандыру
ұйымының жасалатын
Зейнетақы алдындағы
аннуитеттік сақтандыру
шарттары бойынша істі
жүргізуге арналған
шығыстарының жол берілетін
деңгейіне қосымша
Нысан

Өлшемдері

1

Қызметкердің ЖСН

2

Қызметкердің аты-жөні

3

Қызметкердің тегі

4

Қызметкердің әкесінің аты (бар болған жағдайда)

5

Туған күні

6

Сақтандыру ұйымының БСН (12 таңба)

7

Сақтандыру ұйымының заңды атауы

8

Сақтанушының (жұмыс берушінің) ЖСН/БСН (12 таңба)

9

Сақтанушының (жұмыс берушінің) заңды атауы

10

Зейнетақы алдындағы аннуитет шартының №

11

Зейнетақы алдындағы аннуитет шартын жасасу күні

12

Шарт түрі (1-негізгі/2-қосымша келісім)

13

Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемінің сомасы

14

Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша соңғы сақтандыру төлемінің күні

15

Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша соңғы аннуитеттік төлемнің күні

16

Зейнетақы алдындағы аннуитет шартының талаптарын өзгерту түрі (тоқтата тұру/бұзу)

17

Зейнетақы алдындағы аннуитет шартының талаптарын өзгерту күні (__.__.____ ж. тоқтатылды/ __.__.____ ж. бұзылды)

18

Зейнетақы алдындағы аннуитет шартының талаптары өзгерген жағдайда ескерту (тоқтата тұру/бұзу)

  Қаулыға
3-қосымша

Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы есебінің қағидалары

      1. Осы Зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы есебінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 23-1-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты (бұдан әрі – зейнетақы алдындағы аннуитет шарты) бойынша сақтандыру сыйлықақысы есебінің тәртібін айқындайды.

      2. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін есептеу үшін істі жүргізуге арналған шығыстарды ескере отырып ағымдағы құн факторы пайдаланылады.

      3. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін есептеген кезде ұлттық валютадағы жылдық 10 (он) пайыздан аспайтын мөлшердегі кірістіліктің тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемесі пайдаланылады.

      4. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемінің және Қағидаларға сәйкес есептелген сақтандырылған адамның тиісті жасындағы ағымдағы құн факторының көбейтіндісі ретінде айқындалады.

      5. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының есебі халықтың өлім-жітімі туралы деректер, болжамды ең төмен күнкөріс деңгейі және кірістіліктің пайыздық мөлшерлемесінің мөлшері негізінде зейнетақы алдындағы аннуитет шартының талаптары ескеріле отырып жүргізіледі.

      6. Ағымдағы құн факторы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 207 бабында белгіленген зейнетақы жасқа жеткенге дейінгі зейнетақы алдындағы аннуитет шартын жасау күнгі жастан сақтандырылушының өмірінің соңына дейінгі көрсеткіші (көрсеткіштері) сомасының және тиісті дәрежедегі дисконтталушы фактордың көбейтіндісі ретінде анықталады. Дисконтталушы фактор зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін пайдаланылатын кірістіліктің тиімді пайыздық мөлшерлемесі сомасының кері шамасына және 1-ге тең.

      7. Сақтандыру ұйымы зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша болашақ сақтандыру төлемдерінің ағымдағы құн факторын есептеу кезінде кәсіптік еңбек ету қабілетінен 5 - 29%-ға айырылған адамдар үшін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6156 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы № 28 қаулысымен бекітілген Аннуитет шарты бойынша аннуитеттік төлемдерді есептеу және аннуитет шарты мен сақтандырушының жасалатын аннуитет шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейіне қойылатын талаптар туралы қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген өлім-жітім көрсеткіштерін пайдаланады.

      8. Зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын анықтау кезінде сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандыру ұйымының актуарийі айқындайтын ағымдағы құн факторында болжамды өзгеріс мөлшеріне әрбір қосылғышты түзету жолымен ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруінің болжамды деңгейі бойынша зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін индекстеу ескеріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады