"Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризықты, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 22 сәуірдегі № 404 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 24 сәуірде № 34296 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризықты, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15313 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      бұйрықтың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 44-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризықты, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу қағидаларында:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидалары";

      2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Лауазымдық айлықақының мөлшерін айқындау үшін қызмет өтілі күнтізбелік есептеуде ескеріледі.

      Толық бір ай қызмет өткермеген әскери қызметшіге тиесілі ақшалай ризықтың мөлшері осы айда қызмет өткерген күнтізбелік күннің нақты санын негізге алып, пропорционалды түрде айқындалады.

      3. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 5-тармағының 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайда әскери қызметші әскери қызметте дәлелсіз себеппен болмаған, әскери емес лауазымда әскери қызмет өткерген жағдайда оған, қамауда болған уақытта сотталған әскери қызметшіге ақшалай ризық командирдің бұйрығы негізінде әскери қызмет міндеттерін нақты орындау күніне пропорционалды түрде төленеді. Бұйрықта әскери қызметте нақты болмаған күн көрсетіледі. Ақшалай ризықты пропорционалды есептеу үшін айдағы күнтізбелік күн қолданылады.";

      6-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық айлықақысының мөлшерін айқындау үшін әскери бөлімде (мекемеде) лауазымдық айлықақыны белгілеуге құқық беретін қызмет өтілін есептеу жөніндегі комиссия құрылады. Әскери бөлім (мекеме) комиссиясының құрамына қаржы, заң, кадр бөлімшесінің лауазымды адамдары (кадр бөлімшесі болмаған жағдайда – жеке құрамды есепке алуды жүргізетін адамдар) енгізіледі.

      Комиссия отырысы азаматтар 15 жұмыс күні ішінде әскери қызметке кірген кезде, сондай-ақ 1 қаңтардағы жағдай бойынша барлық әскери қызметшінің өтілін белгілеу үшін жыл сайын 20 қаңтарға дейін шақырылады. Комиссияның қызмет өтілін есептеу туралы шешімі отырыстан кейін 3 жұмыс күні ішінде комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді. Комиссия отырысының хаттамасынан үзінді екі данада жасалады (бір данасы – кадр қызметіне, екіншісі – қаржы қызметіне).

      Қосарланған атауы бар лауазымды, яғни бірлескен лауазымды атқаратын әскери қызметшілерге лауазымдық айлықақы ең жоғары әскери лауазым бойынша белгіленеді.";

      7-тармақ алып тасталсын;

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген әскери қызметшіге әскери атағы бойынша айлықақы әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрық шығарылған күннен бастап төленеді.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген офицерге әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрық шығарылған күннен бастап іс пен лауазымды қабылдағанға дейін лауазымдық айлыққы взвод командирінің лауазымы бойынша төленеді.";

      17-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген әскери қызметшіге командирдің (басшының) әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шығарылған күннен бастап – еңбекақы төлеу жүйесінде белгіленген лауазымның I санаты бойынша лауазымдық айлықақы.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші сарбаз (матрос) және сержант (старшина) лауазымына бір лауазымнан екіншісіне ауысқан кезде жаңа лауазым бойынша айлықақы іс пен лауазым қабылданған күннен бастап бұйрық негізінде төленеді.";

      мынадай мазмұндағы 21-1-тармақпен толықтырылсын:

      "21-1. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшісі әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі өткеннен кейін немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде оған бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан көрсетілген әскери қызметшіге – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.";

      24-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) әскери оқу орнына қабылданар алдында әскери бөлімде (мекемеде) әскери лауазымды атқарған адамға (үлгермеуі және тәртіпсіздігі үшін оқудан шығарылған мерзімді қызмет әскери қызметшісінен басқа) оқуға қабылданғанға дейін ол әскери бөлімде (мекемеде) атқарған соңғы штаттық әскери лауазымы бойынша лауазымдық айлықақы;";

      2-тарау 6-параграфының тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-параграф. Әскери қызметші өкімде болған кезеңде әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқару кезінде ақшалай ризықты төлеу";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Әскери қызметшіге командирдің өкіміне қабылданған күннен бастап соңғы атқаратын лауазымы бойынша ақшалай ризықты және сыныптық біліктілік үшін үстемеақы төлеу мынадай мерзім ішінде сақталады:

      1) оны басқа лауазымға тағайындаған кезде – 2 ай;

      2) ұйымдық-штаттық іс-шараларды жүргізуге байланысты – 3 ай.

      Әскери қызметшіге командирдің (бастықтың) өкімінде болған кезеңде оған қатысты күдіктінің әрекетін жіктеу туралы қаулының шығарылуына не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты – қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін ақшалай ризықты төлеу тоқтатыла тұрады.";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Сыныптық біліктілігі үшін үстемеақыны қоспағанда, ерекше қызмет жағдайы үшін үстемеақы мерзімді қызмет әскери қызметшісінен басқа, әскери қызметшіге командирдің бұйрығы негізінде ерекше қызмет жағдайы үшін үстемеақы алуға құқығы бар лауазымға тағайындалған күннен бастап, бірақ іс пен лауазым қабылданған күннен ерте емес төленеді.";

      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін, оның ішінде бос лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқару жүктелген әскери қызметшіге "Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық орган үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қбп қаулысында белгіленген үстемеақы атқаратын әскери лауазымы бойынша (іс пен лауазым қабылданған күннен бастап) және атқаратын әскери лауазымнан босатылған (іс пен лауазым тапсырылған) күнге дейін немесе командирдің (бастықтың) өкіміне қабылданған күнге дейін төленеді.

      Қызмет орны бойынша лауазымы сақталып, әскери бөлімнен (мекемеден) уақытша кеткен әскери қызметшіге үстемеақы төлеу сақталады.";

      57-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "57. Үстемеақы төлеу әскери бөлім командирінің (мекеме басшысының) бұйрығы негізінде жүргізіледі.

      Бұйрықта:

      1) лауазымы;

      2) әскери атағы;

      3) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      4) рұқсат ету карточкасында көрсетілген рұқсатнама нысаны, мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерге рұқсат ету нөмірі, күні;

      5) ерекше маңызды, өте құпия және құпия мәліметтерге рұқсат етуге ресімделуге тиіс қызметкер лауазымы номенклатурасымен бекітілген рұқсатнама нысаны;

      6) мемлекеттік құпияға рұқсат ету туралы келісімшарттың нөмірі мен күні;

      7) белгіленетін ай сайынғы үстемеақының пайыздағы мөлшері көрсетіледі.

      Командирге (басшыға) мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтермен жұмыс істегені үшін үстемеақы жоғарғы командирдің (басшының) бұйрығымен белгіленеді. Оны дайындау үшін жоғарғы басқару органына жоғарыда көрсетілген мәліметтер ұсынылады.

      Бұйрық әскери қызметшіні әскери басқару органы (әскери бөлім, мекеме) қабылдаған, мемлекеттік құпияға рұқсат ету нысаны, нөмірі мен күні және штат өзгертілген кезде шығарылады. Әскери бөлімнің (мекеменің) лауазымды адамы бір жыл ішінде қызметке қабылданған және одан шығарылған кезде үстемеақы төлеу мәселесі командирдің (басшының) (саптық бөлім бойынша) бұйрығында көрсетіледі.

      Бұйрық жобасы мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшелерімен, ал штатта олар көзделмеген жерде – құпия іс жүргізу бөлімшелерімен келісу бойынша әзірленеді.";

      63-5, 63-6 және 63-7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "63-5. Әскери қызметшіні объективті мән-жайға байланысты төмен ақы төленетін лауазымға ауыстырған (тағайындаған) кезде үстемеақы:

      1) еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіргенге не мүгедектігі белгіленгенге дейін осы органда, әскери бөлімде (мекемеде) әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты еңбекте мүгедек болуына, кәсіптік ауруына немесе денсаулығына өзге де зақым келуіне;

      2) ауысқан (тағайындалған) күннен бастап бір жылға дейін орган, әскери бөлім (мекеме) құрылымының өзгеруіне байланысты белгіленеді.

      63-6. Әскери қызметшінің лауазымдық айлықақысына үстемеақы әскери бөлімнің (мекеменің) қызметін қамтамасыз етуге көзделген және штат санын толық көлемде қысқарту нәтижесінде босатылған қаражат есебінен әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының штат санын қысқарту туралы шешім қабылданған жағдайда да белгіленуі мүмкін.

      63-7. Лауазымдық айлықақыға үстемеақы белгілеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының әскери қызметшісіне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарымен, Бас штаб бастығының орынбасарымен немесе аппарат басшысымен келісу бойынша департамент пен басқарма бастықтарының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен не оның орнында болатын адам жүзеге асырады;

      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрінің бас қолбасшысына, бас басқарма бастығына, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына тікелей бағынатын әскери бөлім командиріне (мекеме басшысына) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тиісті бұйрықтары негізінде жүзеге асырылады;

      3) әскер түрінің бас қолбасшысына және бас басқарма бастығына тікелей бағынатын өңірлік қолбасшылық әскерінің, әскер тегінің қолбасшысына, әскери бөлім командиріне (мекеме басшысына) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрі бас қолбасшысының және бас басқармасы бастығының тиісті бұйрығы негізінде жүзеге асырылады;

      4) өңірлік қолбасшылық әскерінің, әскер тегінің қолбасшысына тікелей бағынатын әскери бөлім командиріне (мекеме басшысына) өңірлік қолбасшылық әскері, әскер тегі қолбасшысының тиісті бұйрығы негізінде жүзеге асырылады;

      5) осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілмеген әскери қызметшіге әскери бөлім командирінің (мекеме басшысының) бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.";

      66-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шетелдік әскери оқу орнын бітірушіге сауықтыруға жәрдемақыны одан әрі әскери қызмет өткеру үшін келген әскери бөлім (мекеме) төлейді.";

      70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "70. Көтерме жәрдемақы әскери қызметші тағайындалған немесе ол әскери бөлімнің (мекеменің) жаңа тұрақты орналасу пунктіне келген күні атқаратын әскери лауазымы бойынша айлықақыдан және ауысқан күні әскери атағы бойынша нақты айлықақысы бойынша төленеді.";

      71-тармақта:

      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) лауазымға тағайындалуына байланысты қоныс аударған, оның ішінде келісімшарт бойынша әскери қызметке ерікті түрде кіру жағдайынан басқа, әскери қызметке алғаш шақырылған адамға, жаңа қызмет орны бойынша әскери бөлім командирінің (мекеме басшысының) іс пен лауазымды қабылдау туралы бұйрығы негізінде. Бұл ретте көтерме жәрдемақы қарамағында болған орны мен жаңа қызмет орны арасындағы қашықтық 100 километрден аз, бірақ жаңа қызмет орны мен қарамағында болғанға дейінгі қызмет орны арасындағы қашықтық 100 километрден асатын жағдайда да төленеді;

      2) әскери қызметші іссапарға жіберілген әскери бөлім (мекеме) іссапарға жіберуге байланысты қоныс аударған;";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) командирдің (басшының) орналасу орнына келу туралы бұйрығы негізінде әскери бөлімнің (мекеменің) немесе бөлімшенің тұрақты орналасу орнының өзгеруіне байланысты қоныс аударған;";

      мынадай мазмұндағы 71-1-тармақпен толықтырылсын:

      "71-1. Көтерме жәрдемақының мөлшерін айқындау кезінде кету пунктінен белгіленген пунктке дейін елді мекендердің шекарасы арасындағы автомобиль жолының ұзындығы ескеріледі.";

      72 және 73-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "72. Әскери бөлімге (мекемеге) лауазымға тағайындалған және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің басқа пунктке қоныс аудару туралы бұйрығын алғаннан кейін осы әскери бөлімге (мекемеге) келген әскери қызметшіге көтерме жәрдемақы жаңа тұрақты орналасу пунктіне келгеннен кейін бір рет төленеді.

      73. Жаңадан құрылған әскери бөлімге (мекемеге) тағайындалған және бөлімнің уақытша орналасу пунктіне жаңа қызмет орнына келген, одан кейін оның тұрақты орналасу пунктіне қоныс аударған әскери қызметшіге көтерме жәрдемақы тұрақты орналасу пунктіне келгеннен кейін бір рет төленеді.";

      75-тармақ алып тасталсын;

      76 және 77-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "76. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша не әскери бөлім (мекеме) штатының қысқаруына байланысты әскери қызметтен шығарылған кезде жұмыстан шығу (біржолғы) жәрдемақысы мынадай еңбек сіңірген жылдары бар:

      күнтізбелік 10 жылдан аз – үш айлық қаражат;

      күнтізбелік 10 жылдан 15 жылға дейін – төрт айлық қаражат;

      күнтізбелік 15 жылдан 20 жылға дейін – бес айлық қаражат;

      күнтізбелік 20 жылдан 25 жылға дейін – алты айлық қаражат;

      күнтізбелік 25 жылдан 30 жылға дейін – жеті айлық қаражат;

      күнтізбелік 30 жылдан астам – сегіз айлық қаражат мөлшерінде төленеді.

      Келісімшарт бойынша әскери қызметке қайта кірген кезде жұмыстан шығу (біржолғы) жәрдемақысының мөлшері осы жұмыстан шығу (біржолғы) жәрдемақысы бұрын әскери қызметтен шығарылған кезде төленбеген жағдайды қоспағанда, бұрын төленген жұмыстан шығу (біржолғы) жәрдемақысы ескеріліп айқындалады.

      Жұмыстан шығу күні тиесілі қаражат мөлшері бұрын алынған қаражаттың мөлшерімен тең болған жағдайда жұмыстан шығу жәрдемақысы қайта төленбейді.

      Жауынгерлік іс-қимылға, терроризмге қарсы және (немесе) бітімгершілік операцияларға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының немесе бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының орденімен (ордендерімен) наградталған әскери қызметшіге жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері қаражаттың екі айлықақысына арттырылады.

      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген және әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе әскери бөлім (мекеме) штатының қысқаруына байланысты әскери қызметтен шығарылған офицер құрамының әскери қызметшісіне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеміне құқық болмаған кезде жұмыстан шығу (біржолғы) жәрдемақысын төлеумен бірге әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде әскери атағы бойынша айлықақы төлеу сақталады.

      Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде әскери қызметшілердің әскери атағы бойынша айлықақысы арттырылса, тиісінше әскери қызметтен шығарылған офицер құрамының әскери қызметшілеріне төленетін осы айлықақының мөлшері ұлғайтылады.

      77. Әскери қызметшіге біржолғы жәрдемақыны қызметтен шығарылғанмен түпкілікті есеп айырысқан және оған қызметтен шығару туралы құжат берілген кезде әскери бөлім (мекеме) төлейді.";

      80-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "80. Экологиялық зілзала аймағында тұрғаны үшін қосымша ақы әскери қызметшіге экологиялық зілзала аймағында орналасқан әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізіміне қабылданған күннен бастап төленеді.

      Әскери қызметшіге қосымша ақы төлеу әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізімінен шығарылған күннен бастап тоқтатылады.";

      85-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "85. Әскери қызметші қайтыс болған жағдайда ақшалай өтемақы ол әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізімінен шығарылған күнге дейін төленеді.";

      89-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мерзімді қызмет әскери қызметшісінен басқа, әскери қызметшіге әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізімінен шығарылған күнге дейін, бірақ әскери бөлім (мекеме) қызметтен шығару туралы бұйрықты немесе жазбаша хабарламаны алған күннен бастап бір айдан артық емес;";

      90 және 91-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "90. Мерзімді қызмет әскери қызметшісінен басқа, әскери бөлім (мекеме) әскери қызметтен шығару туралы бұйрықты (хабарламаны) алған күні емдеу мекемесінде емделудегі әскери қызметшіге ақшалай ризық қызмет орнына қайтып келген күнді қоса алғанда, ал жыл сайынғы негізгі демалыстағыға – демалыс аяқталған күнді қоса алғанда төленеді. Бұл ретте емделуге немесе демалысқа кеткенге дейін ісі мен лауазымын тапсырмаған әскери қызметшіге ақшалай ризық Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысында белгіленген мерзім шегінде ісі мен лауазымын тапсыру уақытына төленеді.

      91. Әскери қызметтен шығарылатын әскери қызметшіге Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары ішкі қызмет жарғысының 50-тармағында белгіленген мерзім шегінде ісі мен лауазымын тапсырған уақыты үшін, сондай-ақ ол ісі мен лауазымын тапсырғанға дейін берілген жыл сайынғы негізгі демалыс уақыты үшін ақшалай ризық әскери бөлім командирінің (мекеме басшысының) жыл сайынғы негізгі демалыс беру және оның ұзақтығы туралы бұйрығы негізінде демалыс аяқталған күнді қоса алғанда төленеді.

      Әскери қызметшіге қызметтен шығарылған кезде ісі мен лауазымын тапсырғаннан кейін берілген жыл сайынғы негізгі демалыс уақыты үшін соңғы әскери лауазымы бойынша айлықақы есебінен ақшалай ризық төленеді. Осы жыл сайынғы негізгі демалыста болған уақытта сыныптық біліктілігі үшін үстемеақыны қоспағанда, үстемеақы мен қосымша төлем төленбейді.";

      97-2-тармақта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) оны шұғыл орындау осы әскери бөлімнің (мекеменің) жалпы немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты (үздіксіз) жұмыс істеуіне байланысты болатын шұғыл және алдын ала күтілмеген жұмысты орындау;";

      10) және 11) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) егер осы өкілеттік қызметкерлердің лауазымдық міндеттеріне кірмесе, заң жобаларын, конвенцияларды, келісімдерді, шарттарды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік тілде әзірлегені үшін, олар қабылданғаннан немесе бекітілгеннен кейін;

      11) осы әскери бөлім (мекеме) туралы ережеге сәйкес әскери бөлімге (мекемеге) жүктелген функциялар мен міндеттерді үлгілі орындағаны үшін жүргізіледі.";

      97-3-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) әскери қызметке жаңадан кірген, тиісті әскери бөлімде (мекемеде) бір айдан аз қызмет өткерген (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты бір әскери бөлімнен (мекемеден) екіншісіне ауысуды қоспағанда), сондай-ақ тікелей жоғарыда көрсетілген әскери бөлім (мекеме) командирімен (басшысымен) еңбек шартын бұзғаннан кейін әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасаған кезде;";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) әскери қызметші мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу демалысында болған кезеңде.

      Бюджет қаражатын үнемдеу шегінде жоғары басшылық белгілеген сыйлықақы мөлшерін азайту немесе ұлғайту туралы шешімді осындай қолдау үшін негіз болған нақты себептер көрсетілген тікелей бастықтың (командирдің) баянаты негізінде әскери бөлім командирі (мекеме басшысы) қабылдайды.";

      97-5-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) өңірлік қолбасшылық әскерінің, әскер тегінің қолбасшысына, әскер түрінің бас қолбасшысына және бас басқарма бастығына тікелей бағынатын әскери бөлім командиріне (мекеме басшысына) сыйлықақы беру әскер түрі бас қолбасшысының және бас басқарма бастығының тиісті бұйрығы негізінде жүргізіледі;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілмеген әскери қызметшіге сыйлықақы беру әскери бөлім командирінің (мекеме басшысының) бұйрығы негізінде жүргізіледі.";

      97-8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "97-8. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әрбір әскери бөлімінде (мекемесінде) материалдық көмек көрсету мәселелерін қарау жөніндегі комиссия тағайындалады.";

      97-9-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) әскери қызметшіге өзіне қатысты заңға сыйымсыз әрекет жасау салдарынан мүліктік залал келтірілгенде, сондай-ақ зілзала болған кезде – бес базалық лауазымдық айлықақыдан аспайтын мөлшерде;";

      97-13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "97-13. Комиссия отырысының хаттамасы болған кезде материалдық көмек:

      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының әскери қызметшісіне;

      2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тиісті бұйрықтары негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрінің бас қолбасшысына, бас басқарма бастығына және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне және Қарулы Күштері Бас штабының бастығына тікелей бағынысты әскери бөлім командиріне (мекеме басшысына);

      3) әскер түрі бас қолбасшыларының және бас басқарма бастықтарының тиісті бұйрықтары негізінде өңірлік қолбасшылық әскерінің, әскер тегінің қолбасшысына, әскер түрінің бас қолбасшысына және бас басқарма бастығына тікелей бағынысты әскери бөлім командиріне (мекеме басшысына);

      4) өңірлік қолбасшылық әскері, әскер тегі қолбасшыларының тиісті бұйрықтары негізінде өңірлік қолбасшылық әскерінің, әскер тегінің қолбасшыларына тікелей бағынысты әскери бөлім командиріне (мекеме басшысына);

      5) әскери бөлім командирлерінің (мекеме басшыларының) бұйрықтары негізінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында атап көрсетілмеген әскери қызметшілерге төленеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады