Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы

Жаңа

VIII сайланған Алматы қаласы мәслихатының XV сессиясының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 95 шешiмi. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2024 жылғы 5 сәуірде № 1769-02 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына және "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Алматы қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесі бекітілсін.

      2. "Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 150 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1409 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласы мәслихатының төрағасы М. Отыншиев

  Алматы қаласы мәслихатының
2024 жылғы 29 наурыздағы
№ 95 шешіміне
қосымша

Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңдарына сәйкес әзірленді.

      Осы Ереже Алматы қаласында сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелерін пайдалану тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ережеде төмендегі түсініктер қолданылады:

      1) сумен жабдықтау – суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;

      2) су бұру – сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы;

      3) газбен жабдықтау – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу саласындағы қызмет;

      4) газ жабдығы – газ құбырларының құрамдас элементтері ретінде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыржолдық бекітпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештері мен плиталары);

      5) бақылау құдығы – тұтынушының сарқынды суларының сынамасын іріктеуге және оның көлемін есепке алуға арналған оның су бұру жүйесіне қосылуы алдындағы тұтынушының су бұру желісіндегі соңғы құдық;

      6) электр желілерінің күзет аймағы – электр желілерін сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желілердің күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлінген жер учаскелері, су және әуе кеңістігі;

      7) тұтынушы – табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенуші жеке немесе заңды тұлға;

      8) су бұру жүйесі – сарқынды суларды жинауға, тасымалдауға, тазартуға және бұруға бағытталған инженерлік желілер мен құрылыстардың кешені;

      9) сумен жабдықтау жүйесі – суды жинауға, сақтауға, дайындауға, беруге және оны тұтыну орындарына таратуға арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;

      10) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу өндіретін, жылу беретін және жылу тұтынатын қондырғылардан тұратын кешен;

      11) жылу желісі – жылуды беруге, бөлуге арналған құрылғылар жиынтығы;

      12) жылу тұтынатын қондырғы – жылу энергиясын қабылдауға және пайдалануға арналған техникалық құрылғы;

      13) жылу энергиясы – тұтыну кезінде жылу жеткізгіштің термодинамикалық параметрлері (температура, қысым) өзгеретін жылу жеткізгіш беретін энергия;

      14) жылумен жабдықтау – жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті өндіру, беру, бөлу және тұтынушыларға сату бойынша қызметі;

      15) қызмет көрсетудi берушi – электрмен жабдықтаумен, жылумен жабдықтаумен, сумен жабдықтаумен, канализациялаумен (бұдан былай - энергиямен жабдықтайтын ұйым) айналысатын заңды және жеке тұлға, сондай-ақ қоқысты әкету мен лифт бойынша қызмет көрсету, абоненттерi мен кондоминиум объектiлерiне қызмет көрсету – жылу және электр энергиясын жеткiзу болып табылады;

      16) электр желілері – электр энергиясын беруге арналған кіші станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды жалғайтын электр беру желілерінің жиынтығы.

2-тарау. Сумен жабдықтау және су бұру бойынша инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      3. Қызмет көрсетуші мен тұтынушы сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қызмет көрсетеді және әрқайсысы өз пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы шегінде олардың рұқсат етілген техникалық жағдайын қамтамасыз етеді.

      4. Пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы – тараптардың келісімімен белгіленетін меншік (оларды пайдалану жауапкершілігі) белгісі бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелері элементтерінің бөлу сызығы. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы бойынша белгіленеді.

      Теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы – меншіктік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша иеленушілер арасындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін бөлу сызығы.

      5. Пайдалану жауапкершілігі:

      Қызмет көрсетуші үшін:

      жыл бойы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жоспарлы-ескерту жұмыстарын жүргізуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қысқы маусымға дайындау жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жөндеу және алдын алу жұмыстарын жүргізуді;

      аварияларды жою және судың жайылып кетуін жоюды;

      су бұру жүйелеріне ағызатын сарқынды сулардың сапасын бақылауды;

      аварияларды, техникалық шығындарды және суды ұтымсыз пайдалануды төмендету жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жүргізілген жұмыстардан кейінгі бұзылған тұрмысқа жайлылықты қалпына келтіруді;

      тұтынушы үшін:

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тиісті техникалық жағдайда ұстап тұруды қамтамасыз етуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тұтастығын қамтамасыз етуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қысқы маусымға дайындау жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жүргізілген жұмыстардан кейінгі бұзылған тұрмысқа жайлылықты қалпына келтіруді қамтиды.

      Тұтынушы пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы шегінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің, өртке қарсы жүйелердің, жабдықтардың, арматураның және су өлшеу тораптарының қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етеді және мынадай жұмыстарды:

      судың анық және жасырын жайылуын жоюды;

      құбырлар мен жабдықтардың авариялық учаскелерін жөндеуді немесе ауыстыруды;

      жазғы кезеңде орнатылған барлық уақытша сумен жабдықтау желілерін ағытып тастауды;

      есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін кедергісіз алу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, су өлшеу торабын қатып қалудан қорғауды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелері орналасқан үй-жайлардың жеткілікті жылумен оқшаулануын қамтамасыз етуді;

      шатыр асты үй-жайларда төселген сукернеуіш бактарды және құбырларды жылытуды;

      қосарланған қақпақтардың орнатылуын қамтамасыз етуді немесе су өлшеуіш камералар мен өртке қарсы гидранттары бар құдықтардағы қақпақтарды жылытуды;

      ғимараттардың ішкі сумен жабдықтау және су бұру желілерінде құбырлардың жапсарларының герметикалығын тексеруді, олардың босаңдығын жоюды, тексерулер мен тазартуларды жабуды, үй-жайлардың және қоршаған ауаның кері температуралы учаскелерінде пайдаланылатын құбырларды жылытуды жүзеге асырады.

      6. Тұтынушы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тексеруге, есепке алу аспаптарын және айналмалы желі пломбаларын тексеруге, бақылау құдықтарынан сынама алу үшін, сондай-ақ тұтынушының аумағы арқылы өтетін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тексеруге және пайдалану жұмыстарын жүргізуге қызмет көрсетушінің өкілдерінің кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      7. Мыналар:

      сумен жабдықтау бойынша – ғимаратқа су құбырын енгізудегі бірінші ысырманың бөлуші фланеці;

      су бұру бойынша – елді мекеннің су бұру желілеріне қосылатын жердегі құдық кондоминиум объектілерінде пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы болып табылады.

      Мыналар:

      сумен жабдықтау бойынша – тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) сыртқы қабырғасы;

      су бұру бойынша – елді мекеннің су бұру желісіне құдықпен түйісу орнына шығаруы кондоминиум объектілерінде теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы болып табылады.

      8. Кондоминиумға қатысушылардың жалпы үлестік меншігі болып табылатын үйге ортақ желілерді тиісті техникалық жағдайда ұстауды және қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуді кондоминиумның басқару органы, кондоминиум тіркелмеген жағдайда жалпы үлестік меншік иелері жүзеге асырады.

      9. Кондоминиумның басқару органы (жалпы үлестік меншік иелері) қызмет көрсетуші пайдаланатын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің бір бөлігіне қызмет көрсету үшін қызмет көрсетушінің қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      10. Тұтынушылардың қызмет көрсетушінің техникалық шарттарын бұзу арқылы немесе олар болмаған кезде қосылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығымен бекітілген елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларының 9-тармағында белгіленген шартты жасасу мерзімі аяқталғаннан кейін тұтынушы заңды тұлғалардың сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерге шартсыз пайдаланылатын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануға беруге жол берілмейді.

      11. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану кезінде мыналарға:

      1) сумен жабдықтау және су бұру желілерінің және олардың құрылыстардың үстіне әртүрлі материалдар мен заттарды қоюға, қоқыс жинауға;

      2) сумен жабдықтау және су бұру желілерінің және олардағы құрылыстардың үстіне тұрақты немесе уақытша құрылыстар тұрғызуға;

      3) қызмет көрсетушімен келіспей, сумен жабдықтау және су бұру желілерінде жұмыс істеуге;

      4) су төгіле тұрақты ағуы үшін ішкі су құбырының жүйесіндегі шүмекті ашуға;

      5) тіке ағатын схема бойынша жабдықты суыту үшін ауыз суды пайдалануға;

      6) су тарту құдықтарының жанында үй жануарларын суғаруға, кір жууға, автомашина мен тұрмыстық заттарды жууға, оларға құбырларды және шлангілерді қосуға;

      7) су тарту бағандарына және өрт сөндіру гидранттарына уақытша су құбыры желілерін қосуға;

      8) су бұру желілеріне қар және мұз қиыршықтарын тастауға жол берілмейді.

      12. Қызмет көрсетуші тұтынушыға кемінде үш күнтізбелік күн ішінде хабарлай отырып, сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді мынадай жағдайларда:

      1) қызмет көрсетушінің тұтынушы қосылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жоспарлы алдын ала жөндеу, қызмет көрсету, сумен жабдықтау желілерін залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізгенде, сондай-ақ жаңа сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қосу жөніндегі жұмыстарды жүргізгенде;

      2) тұтынушы белгіленген мерзімде сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерге жасалған шарт бойынша толық көлемде ақы төлемегенде;

      3) тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз болғанда және қызмет көрсетушінің анықталған ақауларды және бұзушылықтарды жою жөніндегі жазбаша талаптарын орындамағанда ішінара немесе толық тоқтатады.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді ішінара немесе толық тоқтату басқа тұтынушыларға қызметтер көрсету сапасына әсер етпейді.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсету қайта жаңғырту (көлемдерді қалпына келтіру) қызметтерді ішінара немесе толық тоқтатуға әкеп соққан бұзушылықтарды немесе жұмыстарды жойғаннан кейін жүргізіледі.

      13. Қызмет көрсетуші тұтынушыны ескертусіз, бірақ оны дереу хабарландыру арқылы мынадай жағдайларда сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді ішінара немесе толық тоқтатады:

      1) сумен жабдықтау және су бұру объектілерін энергиямен жабдықтау авариялық тоқтатылғанда;

      2) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде авария болғанда.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді толығымен тоқтату кезінде қызмет көрсетуші тұрақты режимде сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызмет көрсетуді қайта қалпына келтіру сәтіне дейін олардың коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін халықты уақытша сумен жабдықтауды ұйымдастыру (су әкелу) жөнінде шаралар қабылдайды.

      Көрсетілетін қызметті беруші халықты уақытша сумен жабдықтауды (су әкелу) ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданбаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

3-тарау. Жылумен жабдықтау бойынша инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      14. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосылғанына дейін тұтынушы мына әрекеттерді жүзеге асырады:

      1) жылу торабын салған соң, есепке алу құралдары мен жылумен жабдықтаудың ішкі жүйесін монтаждаған соң энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымының өкілін ары қарай акт ресімдеу үшін қайта жөнделген жабдықты жуу және тығыздау жөніндегі жұмыстардың орындалуын қабылдауға шақырады;

      2) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерімен бірге теңгерімдік тиесілік пен пайдалану жауапкершілігінің шекараларын бөлу актілерін ресімдейді;

      3) паспортты ресімдеп, дроссель құрылғыларының (шүмек, тығын) өлшемін алады. Дроссель құрылғыларын дайындау нормативтік-техникалық құжаттамаға және алынған есептерге сәйкес жүргізіледі. Дроссель құрылғыларын орнату кезінде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымының өкілін пломбалау үшін шақырады;

      4) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға алдағы жылыту маусымдарына жылу тұтынатын құрылғылардың және жылу желілерінің техникалық дайындығына акті алу үшін жуу, сығымдау және жөндеу актілерін ұсынады.

      15. Жылумен жабдықтау шартын жасасқан соң, энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға жылумен жабдықтау жүйесіне қосуға өтінім беріледі.

      Қосу энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілі мен тұтынушының қатысуымен, қосуға ресімделген актіні ары қарай энергиямен жабдықтаушы ұйымға бір жұмыс күні мерзімінде тапсыру арқылы жүргізіледі.

      16. Жылуды тұтыну жүйелерінің жай-күйіне және қызмет көрсетуіне тұтынушылар мен энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйымдар арасындағы жауапкершілік шекарасы олардың теңгерімдік тиесілігінде немесе тараптардың келісімі бойынша анықталады.

      17. Сенімді жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында тұтынушы:

      1) тұтынылған жылу энергиясы үшін уақытылы ақы төлейді;

      2) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымдардың қызметкерлерін түсіру крандарын, арматураларды, жылу энергиясын есептеу желісіне дейін орналасқан бақылау-өлшеу құралдарын пломбалауды жүргізуі үшін жібереді және қойылған пломбалардың сақталуын қамтамасыз етеді, ал оларды алып тастауды энергиямен жабдықтаушы ұйымды хабарландыру арқылы жүргізеді;

      3) жылу тұтынудың тапсырылған режимдерін сақтайды;

      4) жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін, энергия беруші (немесе энергиямен жабдықтаушы) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерін жылу желілерінің, жылу тұтыну қондырғылары мен коммерциялық есепке алу құралдарының техникалық жай-күйін тексеруге жібереді;

      5) әр жылыту маусымының алдында жылуды тұтынатын қондырғыларды қабылдау-тапсыру (техникалық дайындығы техникалық актіде қарастырылған техникалық) сынау және жылу тұтыну қондырғыларының жөндеуін өткізеді.

      18. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым мынадай жағдайларда:

      1) жылумен жабдықтау шартында белгіленген мерзімдерде пайдаланылған жылу энергиясы үшін төлем жүргізілмегенде, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда;

      2) жылу желісіне жаңа қуаттар мен қосалқы тұтынушыларды өз бетімен қосқанда;

      3) жылу тұтыну жүйелерін коммерциялық есепке алу құралдарына дейін қосқанда;

      4) энергиямен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз шартта көрсетілген есептік жылу жүктемелері мен шарттық режимнен асыра қолданғанда;

      5) егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шартта көзделген конденсат көлемінің 30 %-ынан кемін қайтарғанда;

      6) жылу тұтыну жүйесіне қызмет көрсету үшін тиісті біліктілігімен персонал болмағанда (жылу энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланатын тұтынушыларды есептемегенде);

      7) жергілікті атқарушы органдардың ұйғарымдарын белгіленген мерзімдерде орындамағанда;

      8) осы Қағидалардың техникалық талаптарын бұзғанда;

      9) жылу тұтынатын жүйелерге және (немесе) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарына жергілікті атқарушы органдар мен энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерін жібермегенде;

      10) апаттық жағдайда;

      11) күзгі-қысқы кезең жұмысына тұтынушыны жылу желілері мен жылу тұтынушы қондырғыларға техникалық дайындығы актісі болмағанда энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосқанда тұтынушыға жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтатады.

      Бұл ретте энергия беруші ұйым жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара:

      осы тармақтың 1), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 11) тармақшаларында көрсетілгендей бұзушылық анықталған жағдайда, егер шартпен өзгеше көзделмесе, жылу энергиясын беруді тоқтатқанға немесе шектегенге дейін кемінде үш тәулік бұрын энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға жазбаша хабарлағаннан кейін (хабарлама ұсыну арқылы) немесе жылу энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланбайтын тұтынушыларға электрондық поштаға, пошта бөлімшесі арқылы, факсқа хаттама жолдау арқылы тоқтатады;

      осы тармақтың 2), 3), 10) тармақшалары бойынша – ескертусіз дереу тоқтатады.

      19. Өз желісіндегі апаттың алдын алу немесе оны жою жөнінде шұғыл шаралар қолдану үшін энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым, апатты алдын алу және жою бойынша шұғыл шараларды қабылдауға, тұтынушыға энергиямен жабдықтаушы ұйым толық бермеген жылу үшін қайта есептеумен, оны міндетті ескертумен тұтынушының жылу тұтыну жүйесін уақытша ажыратады.

      20. Жабдықтың және инженерлiк желілердің техникалық жай-күйiне, сондай-ақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарының сақталуына жауапкершілік оның меншiк иесiне жүктеледі және теңгерiмдiк тиесіліліктiң шекарасы бойынша айқындалады.

      21. Тұтынушының уәкілетті тұлғалары (кондоминиум объектісін басқару органы, ММИБ, ЖС) тиісті техникалық жай-күйді сақтайды және жалпы үйдің (үйдің ішіндегі) жылыту жүйесі мен ыстық сумен жабдықтаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, коммерциялық есепке алу құралдарының (үйге ортақ) және үйге ортақ меншікті құрайтын басқа жылу тұтынатын құрылғылардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      Кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жылу тұтынатын қондырғыларға қызмет көрсетуді дербес немесе шарт бойынша мамандандырылған ұйыммен жүргізеді.

      ММИБ, ЖС немесе кондоминиум объектісін басқару органы басқаруындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердегі тұтынушы мен энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы жылу энергиясы көзі тарапынан басқару торабының кіру ысырмаларының бірінші бөлу ернемегі немесе дәнекерлі тігіс бойынша анықталады.

4-тарау. Газбен жабдықтау бойынша инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      22. Газбен жабдықтау жүйесін пайдаланатын әрбір ұйымда техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін қоса алғанда, газ тарату жүйесі мен газ тұтыну объектілерін жарамды күйде ұстауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені орындалады.

      23. Газ жабдығының сақталуын және жарамдылығына олар теңгерімінде тұрған ұйымдар, ал меншік құқығындағы үйлер мен пәтерлерде - олардың иелері жауапты болады.

      24. Үйлерде, пәтерлерде тұрмыстық газ пайдаланушы қондырғыларды қауіпсіз пайдалануды және оларды тиісті жағдайда ұстауды тұрғын үй және тұрғын үй емес орынжайлардың меншік иелері немесе жазбаша жалға алу шарты негізінде тұрғын үйде тұратын адамдар қамтамасыз етеді.

      25. Тұтынушылардың газ тарату ұйымының немесе топтық резервуарлық қондырғы иесінің пломбасының бүтіндігін бұзуына жол берілмейді.

      26. Газды есепке алу схемасын өзгертуге немесе бұзуға байланысты жұмыстардың кез келген түрлерін жүргізген кезде тұтынушы жұмысты бастамас бұрын осы туралы жазбаша түрде газ тарату немесе газ желісі ұйымын хабардар етеді және тиісті рұқсат алады.

      27. Тұрғын үйлердің, мектептердің, ауруханалардың, қоғамдық және әкімшілік ғимараттардың, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ құбырлары мен газ жабдығына техникалық қызмет көрсету мен оларды жөндеуді аттестатталған ұйымдар жүзеге асырады.

      28. Пайдаланылудағы, жүйелі бақылаудағы газ құбырлары техникалық жай-күйін тексеруге, ағымдағы және күрделі жөндеуге тартылады.

      29. Кәсіпорын аумағында жерасты газ құбыры трассасының бойынан ені 2 метр (бұдан әрі - м) жолақтар белгіленеді, олардың шегінде материалдар мен жабдықтарды қоймаға жинауға болмайды.

      30. Аумағында газ құбыры транзитпен төселген ұйымның басшылары аралап шығу, газ құбырына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу, авариялық жағдайларды оқшаулау мен жою үшін газ таратушы ұйым персоналының кіруін қамтамасыз етеді.

      31. Газ құбырынан 50 м радиуста төселген сабақтас жерасты коммуникациялардың иелері олардың газдалуын тексеру үшін құдықтар мен камералардың қақпақтарын ластанудан, қардан және мұз қатудан уақтылы тазартуды қамтамасыз етеді.

      32. Газ пайдалану қондырғыларын бөлшектеумен байланысты жөндеу кезінде, сондай-ақ үй-жайлар мен ғимараттарды күрделі жөндеу кезінде газ құбырлары мен газ жабдығы тығын орнатыла отырып және/немесе аспап алдындағы түсіргішке кранды пломбалау арқылы ажыратылады.

      Тұрақты түрде газ пайдалануды тоқтатумен байланысты тұрғын ғимаратты реконструкциялау, қайта жоспарлау кезінде газ құбырлары және газ жабдықтары дәнекерлеуді қолдана отырып ажыратылады. Газ пайдалану жабдығын газбен жабдықтауға қоса отырып пайдалануға қайта енгізу газбен жабдықтау және/немесе мамандандырылған ұйымдарын тарта отырып жүргізіледі.

5-тарау. Электрмен жабдықтау бойынша инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      33. Электр желілерінің күзет аймақтары жер учаскесі түрінде, сымдардың кескінінен жер бетінде тұрған (олардың ауытқымаған қалыбында) параллельді түзу қоршаулармен шектелген электр берудің әуе желісінің бойымен (ғимаратқа кіретін тармақтарды қосқанда) белгіленеді.

      34. Электр желілерінің күзет аймақтары төмендегідей белгіленеді:

      1) кернеуі 1 киловольтқа (бұдан әрі – кВ) дейінгі жалаң сымды әуе желілер үшін – 2 м;

      2) кернеуі 1 кВ-қа дейінгі өздігінен оқшауланған сымдар үшін – 1 м;

      3) 1-ден 20 кВ-ға дейінгі әуе желілері үшін 10 м кем емес;

      4) 35 кВ әуе желілері үшін 15 м кем емес;

      5) 110 кВ әуе желілері үшін 20 м кем емес;

      6) 220 кВ әуе желілері үшін 25 м кем емес;

      7) 330-дан 500 кВ-ға дейінгі әуе желілері үшін 30 м кем емес;

      8) 1150 кВ әуе желілері үшін 55 м кем емес.

      35. Ауытқымаған жағдайларында шеткі сымдардан екі жағында тұрған жазықтықтармен шектелген су айдындарының су бетіндегі әуе кеңістігі түріндегі су қоймалары (өзендер, арналар, көлдер және басқалары) арқылы өтетін электр берудің әуе желілерінің бойымен күзет аймақтары кеме жүзетін су қоймасы үшін - 100 м арақашықтықта, кеме жүзбейтін су қоймасы үшін – жер бетімен өтетін электр берудің әуе желілерінің бойымен күзет аймақтарын белгілеу үшін көзделген арақашықтықта болады.

      36. Шеткі кабельдерден 1 м арақашықтықта желінің екі жағы бойынша жер учаскесі түрінде тік жазықтықтармен қоршалған жерасты электр берудің кабель желілері бойымен, ал қалаларда тротуарлардың астымен өтетін электр берудің кабель желілері үшін – ғимараттар мен құрылыстарға қарай 0,6 м және көшенің жүргінші бөлігіне қарай 1 м.

      37. Қарамағында электр желілері бар ұйымның келiсiмiнсiз электр және жылу желiлерi жолдарының күзет аймақтарында құрылыс, монтаждау, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтардың орнатылуына байланысты iздеу жұмыстарын жүргiзуге, алаңдарды, автомобиль көлiгi тұрақтарын жайластыруға, базарларды, құрылыстарды, ғимараттарды орналастыруға, материалдарды жинап қоюға, қоршаулар мен дуалдарды соғуға, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастауға және төгуге жол берілмейді.

      38. Электр желілерінің күзет аймақтарында көрсетілген жұмыстарды жүргізуге жазбаша келісім алған заңды және жеке тұлғалар жеке қаражаты есебінен желілердің сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларды сақтай отырып, оларды орындайды.

      Электр желілерінің күзет аймақтарының жанында желілердің зақымдалуын тудыратын жұмыстарды жүргізетін жеке және заңды тұлғалар жұмыстардың басталуына дейін қүнтізбелік 12 күннен кем емес мерзімде, қарауында электр желілері бар ұйымдармен электр желілерінің сақталуын қамтамасыз ететін осы жұмыстарды жүргізудің талаптары және тәртібін келіседі және өз қаражаты есебінен тиісті шараларды қабылдайды.

      Электр желiлерiн қайта құру немесе оларды зақымданудан қорғау қажеттiлiгiн тудыратын жұмыстарды орындайтын жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен қарауында электр желілері бар ұйымдардың келісімі бойынша желілерді қайта құру және қорғау бойынша жұмыстарды орындайды.

      39. Әртүрлі механизмдерді пайдалана отырып, электр берудің әуе желілері маңындағы жұмыстарды орындау, егер ауа бойынша механизмнен не оның тартылатын бөлігінен, сондай-ақ көтерілетін жүктерден олардың кез келген күйінде (оның ішінде ең көп көтерілген немесе ұшқан кезде) кернеу кезіндегі ең жақын сымға дейінгі қашықтық Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 253 бұйрығымен бекітілген Электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларының талаптарына сәйкес келеді.

      40. Кабельден жер жұмыстарын жасайтын орынға дейінгі қашықтықты қарауында электр берудің желілері бар ұйым әр жеке жағдай бойынша анықтайды және жазбаша келісімде көрсетеді.

      41. Қарауында электр беру желілері орналасқан ұйымдар осы желілердің күзет аймақтарында электр желілерін жөндеуге және пайдалануға қажетті жер және өзге жұмыстарды жүргізеді.

      42. Электр желілерінде аварияларды болдырмау немесе олардың салдарларын жою бойынша жұмыстарды жылдың кез-келген уақытында жерді пайдаланушылар мен жер иеленушілерінің келісімінсіз, бірақ оларды жүргізілетін жұмыстар туралы хабардар ету арқылы жүргізіледі.

      43. Күзет аймағында жер жұмыстарын жүргізетін заңды және жеке тұлғалар жұмыс өндірісінің техникалық құжаттамасында көрсетілмеген кабельді анықтағанда, осы жұмыстарды дереу тоқтатып, кабельдің сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және бұл туралы иелігінде электр желілері орналасқан жақын энергия беру ұйымына немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлайды.

      Электр желілерінің күзету аймақтарындағы заңды және жеке тұлғалар қарауында электр желілері орналасқан ұйымдардың электр желілерінің сақталуын және жазатайым жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды орындайды. Қарауында электр желілері бар ұйымдар электр желілерінің күзет аймағында жеке және заңды тұлғалар жұмыстар жүргізу уақытында адам өміріне қауіп төнген кезде бұл қауіптің алдын-алғанға дейін жұмыстар тоқтатылады.

      Қарауында электр желілері бар ұйымның уәкілетті лауазымды тұлғалары осы Қағидалардың бұзылуын анықтаған жағдайда, дәлелдейтін фактілері бар материалдарын (фотосуреттер, түсініктемелер, электр беру желілерін өту схемалары, күзет аймағында жұмыс жүргізу рұқсаттары және басқа да қолда бар материалдар) қоса беріп, еркін нысанда акті жасалады.

      44. Осы Ережеде қарастырылмаған инженерлік желілер қауіпсіздігі, күтіп-ұстау жөніндегі өзге де талаптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

6-тарау. Жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және басқа да ортақ пайдаланылатын абаттандырылған аумақтарды қазу бойынша жұмыстарды жүргізу тәртібі

      45. Жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және басқа да ортақ пайдаланылатын жерлерді қазу жұмыстары инженерлік коммуникациялардың аппатық-қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізу кезінде атқарылады.

      46. Қалпына келтіру жұмыстарын кідіріссіз жүргізуді, жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және басқа да ортақ пайдаланылатын жерлерді қазуды талап ететін инженерлік коммуникациялардың авариялары кезінде инженерлік желілердің иесіне, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласындағы басшылықты жүзеге асыратын атқарушы органға, Алматы қаласы ауданының тиісті аппаратына хабарлау қажет.

      47. Жерасты инженерлік коммуникацияларын төсеу үшін жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және жалпы пайдаланылатын аумақтарды қазу мынадай шарттарды сақтай отырып жүргізіледі:

      1) шұңқырлар мен траншеялардың учаскелері, көшелерде, аулаларда, сондай-ақ қоғамдық және жүру орындарында қоршалады;

      2) қоршауларда ескерту жазулары мен белгілері (түнгі уақытта жарық шағылыстыратын белгілер мен дабылдарды қолдана отырып) орнатылады;

      3) адамдардың жаппай өтетін жерлеріне іргелес уақытша құрылыс қоршаулары тұтас қорғаныш қалқанмен жабдықталады;

      4) жұмыс жүргізу аймағындағы ағаштардың діңдері зақымданудан қорғалады;

      5) жұмыстарды жүргізу жобасына сәйкес жұмыстар орындалады;

      6) траншеяларда жұмыс жүргізу кезінде траншея қабырғалары тығынның, тақталардың, тіреуіштердің немесе құрал-жабдық қалқандарының көмегімен нығайтылады;

      7) үңгу әдісімен қазбалардағы топырақты игеруге тыйым салынады;

      8) қалпына келтіру жұмыстарын және аумақты жинауды қоса алғанда, кейінгі учаскелердегі жұмыстарды алдыңғы учаскедегі барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана бастауға рұқсат етіледі;

      9) траншеядан шығарылған топырақ уақытша үйіп қоюсыз, сол жерден дереу шығарылады;

      10) топырақтың опырылу призмасы шегінде топырақ үйінділерін, машиналарды, механизмдерді және өзге жүктемелерді орналастыруға жол берілмейді;

      11) траншеяны қайта толтыру борпылдақ топырақты қабаттап нығыздай отырып жүзеге асырылады;

      12) көшелер бойында инженерлік желілерді төсеу кезінде асфальтбетон жабыны қолданыстағы жолдың бүкіл еніне қарай (жиектастан жиектасқа дейін) қалпына келтіріледі;

      13) тротуарлар бойында басқа инженерлік желілерді төсеу кезінде асфальтбетон жабыны тротуарлардың бүкіл ені бойынша қалпына келтіріледі;

      14) топырақты кері толтыруға, сондай-ақ жасыл екпелерді, құрылыс материалдарымен толтыруға, жерасты құрылыстары құдықтарының қақпақтарын, суағар торлары мен су бұру науаларды бітеп тастауға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады