"Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Қамысты ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 9 маусымдағы № 115 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Қамысты ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.

      2. Қамысты ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 19 желтоқсандағы № 411 "Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы" қаулысы жойылсын.

      3. "Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына жолдауды;

      3) ресми жарияланғаннан кейін осы қаулыны Қамысты ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қамысты ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қамысты ауданының әкімі Ғ. Бекмұхамедов

  Қамысты ауданы әкімдігінің
  2022 жылғы 09 маусымдағы
  № 115 қаулысымен
  бекітілген

Ереже "Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қамысты ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - бөлім) халықты жұмыспен қамту және Қамысты ауданының әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлімнің ведомстволары бар: "Қамысты ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бөлім Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ және орыс тілдерінде өз атауы бар мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Бөлім, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Бөлім өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заң бөлімінің орналасқан жері: 110800, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қамысты ауданы, Қамысты ауылы, Ленин көшесі, 22 үй.

      10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

      12. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына әлеуметтік көмек көрсетуді үйлестіру және ұйымдастыру;

      2) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру;

      3) азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнамада көзделген мемлекеттік кепілдіктер;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер болып табылады.

      14. Өкілеттіктер:

      1) құқықтар:

      мемлекеттік органдар мен ұйымдарда халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның мүдделерін білдіру;

      өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;

      бөлім қызметінің мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені сақтауға міндетті;

      осы Ережеге сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдарда халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның атынан өкілдік ету;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;

      Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

      15. Функциялар:

      1) ведомстволық бағынысты коммуналдық мемлекеттік мекеменің қызметін үйлестіру;

      2) халықтың өмір сүру деңгейін тұрақтандыруға және арттыруға бағытталған өңірлік бағдарламаларды әзірлеуге қатысу, олардың орындалуын талдау;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бюджет қаражатының қажеттілігін болжау және әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;

      5) статистикалық, ведомстволық есептілікті дайындау және ұсыну, Бөлімнің құзыреті шегінде автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді жүргізу мониторингін жүзеге асыру;

      6) тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік көмектің өзге де түрлерін тағайындау және төлеу;

      8) үйде тәрбиеленетін және оқытылатын мүгедек балаларды материалдық қамтамассыз ету;

      9) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету және кедейлікті азайту жөніндегі шаралар саласындағы мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру;

      10) Қазақстан Республикасыңда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту;

      11) мүгедектерді оңалту жеке бағдарламасына сәйкес, мұқтаж мүгедектерді протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеу, ымдау тілі маманының, жеке көмекшілердің қызметтерін ұсыну;

      12) кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру;

      13) Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соларға теңестірілген адамдарға, соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдардың басқа да санаттарына санаторий-курорттық емделуге құжаттар ресімдеу;

      14) Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларының әлеуметтік бөлігінің орындалуын бақылау және жәрдемдесу;

      15) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау және кеңес беру;

      16) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және қажетті шаралар қабылдау;

      17) Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру бойынша коммерциялық емес (үкіметтік емес) ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      18) өз құзыреті шегінде өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға (отбасыларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      19) қарт азаматтар мен мүгедектерге үйде қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыру;

      20) халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілігіне талдау жүргізу;

      21) құзыреті шегінде халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды іске асыру;

      22) мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар және аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жеке сектор бастамалары шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы Бос орындар және құрылатын жұмыс орындарының болжамы туралы Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің дерекқорын қалыптастыруға қатысу;

      23) жұмыстан босату және жұмыс орындарын қысқарту тәуекелдері бар ұйымдардың мониторингін жүзеге асыру;

      24) орта мерзімді кезеңдерге еңбек нарығындағы мамандарымен жұмысшылардың қажеттілігін талдауды және болжауды жүзеге асырады;

      25) еңбек нарығы мен халықты жұмыспен қамту мониторингін жүргізеді;

      26) еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу;

      27) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысын ұйымдастыру;

      28) қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету;

      29) 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығындағы кезеңде кемінде 6 ай жұмыс істеген адамдарға жұмыс өтілін белгілеу үшін арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      30) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу және есепке алу үшін арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендерге жеңілдіктер мен өтемақылар алу құқығын растайтын куәліктер беру;

      31) өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамдардың (отбасылардың) өтініштерін қарау және әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындылар шығару бойынша арнайы комиссияның жұмыс органының функцияларын жүзеге асыру;

      32) кәмелетке толған азаматтарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық мәселелері бойынша қылмыстық және азаматтық істер бойынша сотқа қатысу;

      33) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3 тарау. Бірінші басшының мәртебесі, өкілеттігі мемлекеттік органның атауы

      16. Бөлімге басшылықты Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) бөлімнің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді және жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауап береді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлерді қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттік шеңберін белгілейді;

      4) мемлекеттік мекеме туралы ережені әзірлейді, бұйрықтар шығарады және орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      5) бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      7) мемлекеттік органның атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      8) азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүргізеді, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамада белгіленген мерзімдерде қарайды, олар бойынша қажетті шаралар қабылдайды;

      9) міндеттемелер мен төлемдер бойынша бөлімнің бюджеттік бағдарламаларын қаржыландыру жоспарларын бекітеді;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Бөлім басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бөлімнің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі: "Қамысты ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады