Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпаратты тіркеу тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 52 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 11-бабының 8-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) кедендік аумағына әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпаратты тіркеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады деп белгіленсін:

      а) алдын ала ақпаратты тіркеуді бас тарту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 11-бабының 10-тармағында көзделген негіздер болмаған жағдайда, Одаққа мүше мемлекеттің кеден органы (бұдан әрі – кеден органы) кеден органының лауазымды адамдарының қатысуынсыз кеден органының ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырады;

      б) егер алдын ала ақпаратта алдын ала кедендік декларациялау кезінде кеден органының ақпаратты жүйесінде берілген кедендік декларацияның нөмірі қамтылса, алдын ала ақпаратта көрсетілген мәліметтердің құрамын тексеру осындай декларацияда қамтылған мәліметтер ескеріле отырып жүзеге асырылады;

      в) алдын ала ақпарат оған тіркеу нөмірін беру жолымен тіркеледі;

      г) алдын ала ақпаратқа тіркеу нөмірі берілген күні мен уақыты, алдын ала ақпаратты тіркеуден бас тартылған күні мен уақыты кеден органының ақпараттық жүйесінде тіркеледі;

      д) алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі мынадай схема бойынша қалыптастырылады:

      ХХ/ККААЖЖ/000000000,

      мұнда:

      ХХ – Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 378 шешімімен бекітілген әлем елдерінің сыныптауышына сәйкес Одаққа мүше мемлекеттің 2 таңбалы әріптік коды;

      ККААЖЖ – алдын ала ақпарат тіркелген күн (күні, айы, күнтізбелік жылдың соңғы 2 цифры);

      000000000 – тіркеу кезінде қалыптастырылатын 9 таңбалы реттік нөмір (нөмірлеу әрбір күнтізбелік жылы 000000001-ден басталады);

      е) тасымалдаушы немесе тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға ұсынған алдын ала ақпаратқа тіркеу нөмірі берілгеннен кейін кеден органдары мұндай нөмір туралы мәліметтерді, сондай-ақ алдын ала ақпаратты идентификациялау үшін қажетті өзге де мәліметтерді ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі өздерінің ресми сайттарында жариялайды. Көрсетілген мәліметтер жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн бойы қолжетімді болады;

      ж) алдын ала ақпаратты тіркеуден бас тарту үшін негіздер болған кезде кеден органының ақпараттық жүйесінде тіркеуден бас тарту қалыптастырылады және бас тартуға негіз болған бұзушылықтар жойылғаннан кейін алдын ала ақпарат қайта ұсынуға жатады;

      з) алдын ала ақпаратты ұсынған тұлғаға алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі, оның берілген датасы мен уақыты не алдын ала ақпаратты тіркеуден бас тарту себебі, датасы мен уақыты қамтылған хабар жіберіледі. Көрсетілген хабарды жіберу мерзімі кеден органының ақпараттық жүйесі алдын ала ақпаратты алған кезден бастап 15 минуттан аспауға тиіс;

      и) осындай ақпаратты ұсынған адамның тіркеу нөмірі берілген алдын ала ақпаратта қамтылған мәліметтер мен көліктік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттарда көрсетілген мәліметтер арасында сәйкессіздікті анықтауына байланысты алдын ала ақпарат қайта ұсынылған жағдайда, мұндай ақпаратқа жаңа тіркеу нөмірі беріледі. Бұрын берілген тіркеу нөмірі жарамсыз деп танылады және осы тармақтың "е" тармақшасына сәйкес жарияланған мәліметтерден алып тасталады.

      2. Осы Шешім 2018 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасы Төрағасының
міндетін уақытша атқарушы
К. Минасян

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады