Айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 наурыздағы № 212 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 15-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 20 наурыздағы
№ 212 қаулысымен
бекітілген

Айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесі

      1. Осы айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесі (бұдан әрі – әдістеме) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 15-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және айлық жалақының ең төмен мөлшерін белгілеу бойынша есеп-қисап жүргізгенде қолданылады.

      2. Осы әдістеменің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) еңбек өнімділігі – пайдаланылатын ресурстардың бір бірлігіне есептегенде өнім шығарылымын сипаттайтын, өндіріс көлемі мен еңбек ресурстары шығындарының арақатынасын білдіретін өндіріс тиімділігінің көрсеткіші;

      2) айлық жалақының ең төмен мөлшері – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген қалыпты жағдайларда және жұмыс уақытының ұзақтығы қалыпты болғанда еңбек міндеттерін орындаған кезде бір айда біліктілікті қажет етпейтін қарапайым (онша күрделі емес) еңбек жұмыскеріне төленетін ақшалай төлемдердің кепілдік берілген ең төмен мөлшері;

      3) медиандық жалақы – есептелген жалақы мөлшері бойынша жұмыскерлер санын бөлудің ортасында болатын және оны тең екі бөлікке – медианадан төмен және одан жоғары жалақыға бөлетін жалақы мөлшері.

      3. Айлық жалақының ең төмен мөлшерін есептеу үшін мынадай параметрлер пайдаланылады:

      1) жұмыскер табысының жеткілікті болуы жөніндегі талапты көрсететін, елдегі медиандық жалақының пайызымен көрсетілген салмағы мен үлесі;

      2) кәсіпорындардың төлем қабілетін көрсететін, еңбек өнімділігінің пайызымен көрсетілген салмағы мен үлесі.

      4. Айлық жалақының ең төмен мөлшерін есептеу үшін медиандық жалақы мен еңбек өнімділігі бойынша ресми статистикалық мәліметтер пайдаланылады.

      5. "Медиандық жалақы" және "Еңбек өнімділігі" деген ресми статистикалық мәліметтерді Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы қалыптастырады және stat.gov.kz ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      Медиандық жалақыны есептеу Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 қарашадағы № 20 бұйрығымен бекітілген қызметкерлердің орташа айлық жалақысын есептеу әдістемесіне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33662 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.

      Еңбек өнімділігін есептеу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 129 бұйрығымен бекітілген еңбек өнімділігін есептеу әдістемесіне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15809 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.

      6. Айлық жалақының ең төмен мөлшері мынадай формула бойынша есептеледі:

      АЖЕТМt+1 = [A * B1 * МедЖt + (1 – A) * B2 * (ЕӨt)] * a, мұндағы:

      АЖЕТМt+1 – әдістемеге сәйкес алдағы жылға белгіленетін айлық жалақының ең төмен мөлшері;

      t = ағымдағы жыл;

      A – медиандық жалақының салмағы;

      B1 – медиандық жалақының үлесі;

      МедЖt – ағымдағы жылға арналған медиандық жалақы;

      (1-A) – еңбек өнімділігінің салмағы;

      B2 – еңбек өнімділігінің үлесі;

      ЕӨt – ағымдағы жылға арналған еңбек өнімділігі;

      a – елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескеріліп, айрықша жағдайларда қолданылатын түзету коэффициенті, 1≤a≤1,5.

      7. Медиандық жалақы мен еңбек өнімділігінің үлесі динамикалық қатарлар мен олардың кемінде он жыл кезеңіндегі стационарлық мәндеріне негізделген корреляциялық-регрессиялық талдау әдістері арқылы анықталады.

      Медиандық жалақы мен еңбек өнімділігінің салмағы кем дегенде бес арақатынас үшін айқындалады (тиісінше 0,5:0,5; 0,7:0,3; 0,3:0,7; 0,9:0,1; 0,1:0,9 ұсынылады).

      Жекелеген экономикалық, еңбек және әлеуметтік түпкі нәтижелерге салдарын бағалау ескеріліп, айлық жалақының ең төмен мөлшерінің есептік мәндеріне (кемінде бес нұсқа) талдау жүргізіледі.

      Бұл ретте a мәні 1-ден 1,5-ке дейін өзгеріп отырады.

      Айлық жалақының ең төмен мөлшерінің ықтимал нұсқасының неғұрлым қолайлысын Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңымен жыл сайын белгілеу ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады