"Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 8 тамыздағы № 275 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 468 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 5 қаңтарда № 22019 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 8 тамыздағы № 275 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19232 болып тіркелген, 2019 жылғы 15 тамызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану салаларындағы мемлекеттік бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Н. Ногаев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2020 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 468 Бұйрыққа қосымша
  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушының
2019 жылғы 8 тамыздағы
№ 275 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 182-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссияның (бұдан әрі – орталық комиссия) қызметін ұйымдастыруды, оның құрамын, жұмыс регламентін және іс қағаздарын жүргізуді айқындайды.

      2. Орталық комиссияның негізгі міндеті геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыру болып табылады.

      Кодекстің 182-бабының 1-тармағына сәйкес тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы және кен орнын игеру жобасы уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттары болып табылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссияның құрамы

      3. Орталық комиссияның құрамын уран өндіру саласындағы уәкілетті органның басшысы, ол болмаған жағдайда, уран өндіру саласындағы уәкілетті орган басшысының міндетін атқарушы бекітеді.

      4. Кемінде 5 (бес) адамнан тұратын орталық комиссияның құрамына: мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, геология, геофизика, гидрогеология, кен орындарын игеру, жер қойнауын пайдаланудың экономикалық және құқықтық мәселелері саласында маманданған және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес ұйымдардың мамандары кіреді.

3-тарау. Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссияның функциялары

      5. Орталық комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын жобалау құжаттары (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орындарын игеру талдаулары бойынша жобалау құжаттарын қарайды және мемлекеттік сараптаманы жүзеге асырады;

      2) жобалау құжаттарында уран өндірудің және уран кен орындарын игерудің неғұрлым тиімді және ұтымды әдістері мен технологияларын қолдануды қамтамасыз етеді;

      3) жер қойнауын пайдалану, уран кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, жер қойнауын пайдаланушылардың әзірлемелері мен баяндамаларын қарайды;

      4) уран саласындағы ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарынан, ұлттық компаниядан және жер қойнауын пайдаланушылардан уран кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша анықтамалық, ақпараттық материалдар мен есептерді сұратады;

      5) қажет болған жағдайда уран өндіру саласындағы уәкілетті органға жұмыс топтарын құруды ұсынады;

      6) жобалау құжатын пысықтау бойынша ұсынымдар береді;

      7) геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тартады.

      6. Орталық комиссияның төрағасы, ал ол болмаған жағдайда – төрағаның орынбасары:

      1) орталық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) орталық комиссияның жұмысын жоспарлайды;

      3) орталық комиссияның отырыстарына төрағалық етеді.

      7. Орталық комиссияның хатшысы:

      1) осы Ереженің 9-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттардың толық болуын тексереді;

      2) орталық комиссияның мүшелерін отырыстың өткізілетін күні мен орны туралы жазбаша немесе электрондық пошта арқылы хабардар етеді;

      3) орталық комиссияның отырысын өткізу үшін материалдар дайындауды жүзеге асырады;

      4) орталық комиссия отырысының нәтижелері бойынша еркін нысанда мемлекеттік сараптама қорытындысын ресімдейді;

      5) орталық комиссияның мүшесі болып табылмайды.

      8. Жұмыс органы орталық комиссияның іс жүргізу қызметін ұйымдастыруды, материалдары мен құжаттарын жинауды және сақтауды жүзеге асырады.

4-тарау. Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссияның жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу

      9. Орталық комиссияға мыналар:

      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік сараптама жүргізуге арналған өтініш;

      2) тиісті мемлекеттік экологиялық сараптамасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі сараптамасымен бірге Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 239 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17131 болып тіркелген) Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалардың (бұдан әрі – Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалар) 483-тармағына сәйкес әзірленген тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобалары;

      немесе тиісті мемлекеттік экологиялық сараптамасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі сараптамасымен бірге Кодекстің 183-бабына сәйкес әзірленген уран кен орындарын игеру жобалары;

      немесе Кодекстің 182-бабының 7-тармағында көзделген жағдайда, егер бекітілген жобаларда айқындалған физикалық көрсеткіштер жыл сайын кен орнын игерудің тау-кен-геологиялық және технологиялық шарттарының өзгеруінсіз бір жылда бекітілген көрсеткіштерден физикалық тұрғыда жиырмадан аз пайызға өзгертілсе, егер көрсетілген көлемдер осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған, бекітілген жобада игерудің бүкіл кезеңі ішінде бекітілген жобалау көлемдерінен өсу қорытындысымен ауытқыса, бекітілген жобаларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар жобалары;

      немесе Кодекстің 184-бабының 9-тармағына сәйкес кен орнын игеру жобасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы уран кен орнын игеруді талдау нәтижелері бойынша негізді тұжырым болған кезде, кен орнын игерудің іс жүзіндегі және жобалау көрсеткіштері арасында едәуір (жиырма және одан көп пайыз) алшақтықтар болған жағдайда, уран кен орындарын игеру талдауы;

      3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген құжаттарға аннотация;

      4) жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша қосымша материалдар (есептер мен таныстыру материалдары) ұсынылады.

      10. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орындарын игеру талдауларына мемлекеттік сараптама оларды жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн ішінде жүргізіледі.

      11. Орталық комиссия жер қойнауын пайдаланушыдан жобалау құжаттарын (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларды) немесе уран кен орындарын игеру талдауларын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама жүргізу үшін сарапшыға (сарапшыларға) жібереді.

      12. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орындарын игеру талдауларына тәуелсіз сараптама сарапшы (сарапшылар) тағайындалғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүргізіледі.

      13. Тәуелсіз сараптама нәтижелері бойынша жасалған тәуелсіз сарапшының (сарапшылардың) қорытындысы осы Ереженің 12-тармағында көзделген мерзім ішінде орталық комиссияға еркін нысанда ұсынылады.

      14. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орындарын игеру талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері тиісті тәуелсіз сараптама қорытындысымен орталық комиссияның отырысында қарау арқылы анықталады.

      15. Орталық комиссияның отырыстары, егер оларға орталық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      Кворум болмаған жағдайда, орталық комиссияның отырысы отырыс белгіленген күннен кейінгі күнге ауыстырылады. Бір отырысты 2 (екі) реттен артық ауыстыруға жол берілмейді.

      16. Орталық комиссияның отырысында жобалау құжаттарының (оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың) немесе уран кен орындарын игеру талдауларының авторлары және жер қойнауын пайдаланушылар қаралатын мәселенің негізгі ережелерін баяндайды. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) жобалау құжаттары (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орындарын игеру талдаулары бойынша өзінің сараптамалық қорытындысын баяндайды.

      17. Жобалау құжаттарына (оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орнын игеру талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері оң немесе теріс мемлекеттік сараптама қорытындысымен ресімделеді.

      18. Мемлекеттік сараптама қорытындысы орталық комиссияның қатысып отырған мүшелерінің көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады.

      Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      19. Кодекстің, Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалардың ережелеріне сәйкес келетін кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және игеру жобалары (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орнын игеру талдаулары бойынша оң мемлекеттік сараптама қорытындысы шығарылады.

      20. Теріс мемлекеттік сараптама қорытындысын шығару үшін негіздер:

      1) жобалау құжатының (оған өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың) немесе уран кен орнын игеруді талдаудың осы Ереженің 19-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмеуі;

      2) кен орнын игеру жобасында ұсынылған барланған уран қорларының саны мен сапасы туралы ақпараттың дұрыс еместігі;

      3) жобалау құжатында (оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орнын игеруді талдауда ұсынылған жобалық шешімдердің сапасын объективті бағалаудың мүмкін еместігі;

      4) кен орнын игеру жобасы үшін геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есепке қатысты жер қойнауына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының болмауы.

      Жобалау құжатына (оған өзгерістер және (немесе) толықтыруларға) немесе уран кен орнын игеруді талдауға мемлекеттік сараптаманың теріс қорытындысында оны шығарудың негіздемесі және жобаны пысықтау жөніндегі ұсынымдар келтіріледі.

      21. Орталық комиссияның мемлекеттік сараптамалық қорытындысы осы Ереженің 10-тармағында көрсетілген мерзімді асырмай, отырыста жобалау құжаты (оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар) немесе уран кен орнын игеруді талдау қаралған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде отырыс хаттамасымен ресімделеді.

      22. Отырыстың хаттамасына орталық комиссияның төрағасы, оның орынбасары (орынбасарлары), мүшелері және оның хатшысы қол қояды.

      Хаттаманың көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.

      23. Жобалау құжаттарын (оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды) немесе уран кен орындарын игеру талдауларын электрондық жеткізгіштерде сақтауды жұмыс органы жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасының
уран өндіру кен орындарын
игеру жөніндегі орталық
комиссия туралы ережеге
қосымша
  Нысан

      Қазақстан Республикасының

      уран өндіру кен орындарын

      игеру жөніндегі орталық

      комиссияға

Мемлекеттік сараптама жүргізуге өтініш

      ___________________________________________________________________

      (жобалау құжатының (оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың) немесе уран кен орнын игеру талдауының атауы)

      1. Жер қойнауын пайдаланушы _______________________________________

      2. Жер қойнауын пайдалануға_________________________________________

      (құзыретті орган)

      ______________ арасында жасалған _________________________ келісімшарт.

      (күні)

      3. Жобалау құжатын (оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды) немесе уран кен орнының игеру талдауын әзірлеуші жобалау ұйымының атауы

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      (құжатты ұсынатын кәсіпорын басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады