Отырар ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы

Жаңартылған

Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 56/266-VI шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2020 жылғы 16 шілдеде № 5718 болып тiркелдi

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабына және "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңының 8 бабының 2 тармағына сәйкес, Отырар ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Отырар ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін келесі арнайы орындар айқындалсын:

      1) Шәуілдір ауылы М.Әжібеков көшесінде орналасқан "Шәміл-Дүр" жастар саябағы;

      2) Шәуілдір ауылы Жібек жолы даңғылы бойындағы "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі" саябағы.

      2. Отырар ауданында демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін жүру маршруты ретінде Шәуілдір ауылы Жібек жолы даңғылы Қ.Сәтбаев көшесінің қиылысынан "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі" саябағы тұсына дейінгі аралық айқындалсын.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы Отырар аудандық мәслихатының 07.09.2020 № 58/276-VI шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Отырар ауданында бейбіт жиналыстар мен шерулерді ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптары осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      4. Пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      5. Отырар ауданының мәслихатының 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 41/199-VІ "Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5021 нөмiрiмен тiркелген және 2019 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) шешiмiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      6. "Отырар ауданының мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімді "Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы шешімді оны ресми жарияланғаннан кейін Отырар ауданының мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      7. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Отырар ауданының
      мәслихаты сессиясының төрағасы Ж. Нуров
      Отырар ауданының
      мәслихатының хатшысы М. Манапов

  Отырар ауданының
мәслихатының 2020 жылғы
24 маусымдағы № 56/266-VI
шеміміне 1-қосымша

Бейбіт жиналыстар мен шерулерді ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану
ТӘРТІБІ

      Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын – Отырар аданының мәслихаты бейбіт жиналыстарды немесе шерулерді өткізу үшін айқындаған жалпыға ортақ пайдаланылатын орын немесе жүру маршруты.

Бейбіт жиналыстар мен шерулер өткізу үшін арнайы орындардың материалдық-техникалық қамтамасыз етуі


п/п

Арнайы орын атауы

Материалдық-техникалық қамтамасыз етуі

Шекті толу нормалары

1.

Шәуілдір ауылы М.Әжібеков көшесінде орналасқан "Шәміл-Дүр" жастар саябағы

- көше жарығы;
- электр энергиясын қосу нүктесі;
- бейнебақылау және бейнежазба камералары;
- автотұрақ орны (1 кіру, 1 шығу).

100 адам

2.

Шәуілдір ауылы Жібек жолы даңғылы бойындағы "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі" саябағы

- көше жарығы;
- электр энергиясын қосу нүктесі;
- бейнебақылау және бейнежазба камералары;
- автотұрақ орны (1 кіру, 1 шығу).

100 адам


      Жергілікті атқарушы органның өкілі хабарлама (өтініш) бойынша оң шешім қабылданған кезде, бейбіт жиналыстың (шерудің) ұйымдастырушысымен бір күн бұрын іс-шараны өткізу ережесін келесі сұрақтар бойынша келісу үшін арнайы орынға барады:

      бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың айырым белгісі;

      периметрі және өткізу орнының материалдық-техникалық сипаттамасымен танысу мен анықтау үшін;

      Заңда көзделген жағдайларда бейбіт жиналыстар өткізу кезінде дыбыс деңгейі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетін дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын, сондай-ақ көлік құралдарын, пайдалануды;

      БАҚ үшін арнайы белгіленген орын (лента немесе қоршаумен шектеу; фото-видео түсірілім және сұхбаттасу үшін жеткілікті көрінуді қамтамасыз ету);

      бейбіт жиналыстар өткізу кезінде аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне және фототүсірілім жасауды;

      Шәуілдір ауылы Жібек жолы даңғылы Қ.Сәтбаев көшесінің қиылысынан "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі" саябағы тұсына дейінгі аралықтағы шеру бағытымен танысу.

      Бейбіт жиналыс өткізу күні ұйымдастырушы және оған қатысушылар:

      өтініште көрсетілген мерзім аралығында арнайы орынның аумағында орналасады;

      ғимараттардың, құрылысжайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл екпелердің, сондай-ақ өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;

      санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелерін сақтап, Қазақстан Республикасының қоғамдық тәртіпті сақтау туралы заңнамасын сақтайды;

      бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының айырым белгісін тағып жүреді.

  Отырар ауданының
мәслихатының 2020 жылғы
24 маусымдағы № 56/266-VI
шеміміне 2-қосымша

Пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары

      Пикеттеуді өткізуге тыйым салынады:

      1. Жаппай жерлеу орындарында;

      2. Теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;

      3. Мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;

      5. Қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;

      6. Магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады