"Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесін беруге жататын ғылыми табиғи объектілерді айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2023 жылғы 30 наурыздағы № 104 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 наурызда № 32181 болып тіркелді

      "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесін беруге жататын ғылыми табиғи объектілерді айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а.
З. Сулейменова

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары

      білім министрлігі

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт министрлігі

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2023 жылғы 30 наурыздағы
№ 104 бұйрығымен
бекітілген

"Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік" мәртебесін беруге жататын ғылыми табиғи объектілерді айқындау қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесін беруге жататын ғылыми табиғи объектілерді айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесін беруге жататын ғылыми табиғи объектілерді айқындау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару, бақылау мен қадағалау, күзету және қорғау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      2) ұлттық мәдени игілік – ел тарихы мен мәдениеті үшін ерекше мәні бар және Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген материалдық мәдени құндылықтар;

      3) Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - Мемлекеттік тізілім) - ел тарихы мен мәдениеті үшін айрықша мәні бар ұлттық - мәдени игіліктің тізбесі.

2 тарау. "Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесін беруге жататын ғылыми табиғи объектілерді айқындау тәртібі

      3. Ғылыми түрғыдан ерекше қүнды және үлттық игілік болып табылатын, шығуы табиғи немесе жасанды бірегей объектілер "Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесі бар ғылыми табиғи объектілер деп танылады.

      4. "Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік" мәртебесі бар ғылыми табиғи объектілерге мыналар жатқызылады:

      өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесегін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін сақтау, өсіру, реинтродукциялау жөніндегі бірегей объектілер;

      табиғи объектілер жөніндегі ғылыми және ғылыми-техникалық ақпараттың бірегей қорлары;

      өсімдіктердің, жануарлар мен микроорганизмдердің түрлерін зерделеуге, сақтауға, молықтыруға және пайдалануға байланысты бірегей зерттеу және эксперименттік қондырғылар, кешендер, ғылыми-сынақ полигондары.

      5. Ғылыми табиғи объектілердің басшылары уәкілетті органға "Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесін беру туралы өтініш береді.

      Өтінішхатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) объектінің бірегейлігін, сондай-ақ Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесін көрсететін ғылыми табиғи объектілердің қызметі туралы анықтама;

      2) өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін сақтау, өсіру, реинтродукциялау жөніндегі бірегей объектілер, табиғи объектілер бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық ақпараттың бірегей қорлары, бірегей зерттеу және эксперименттік қондырғылар, кешендер, ғылыми-сынақ полигондары туралы мәліметтер;

      3) қызметі туралы республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында (кемінде он жарияланым) жарияланған материалдардың көшірмелері;

      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы іс-шараларға (конкурстарға, фестивальдерге, республикалық және халықаралық маңызы бар көрмелерге) қатысатындығын куәландыратын құжаттардың көшірмелері.

      6. Өтініштер уәкілетті органның атына ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде жіберіледі. Көрсетілген мерзімді бұза отырып, қарауға жіберілген өтінішхаттар қабылданбайды.

      7. Уәкілетті орган уәкілетті органның жанынан құрылған комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) ұсынымы негізінде 10 қазанға дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми табиғи объектілердің "Ғылыми табиғи объект - ұлттық игілік" мәртебесін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне қарауға енгізеді.

      8. Комиссия уәкілетті органның қызметкерлері, мәдениет саласындағы ғылыми қызметкерлер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарынан қалыптастырылады. Комиссия мүшелерінің саны тақ болып табылады және төрағадан, комиссия мүшелерінен тұрады және кемінде жеті адамды құрайды.

      9. Комиссия отырыстары, егер оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      10. Комиссия шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      11. Комиссия шешімдері хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.

      12. "Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік" мәртебесін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі береді.

      13. Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін күнтізбелік жеті күн ішінде уәкілетті орган Мемлекеттік тізілімге енгізу үшін мәдениет саласындағы уәкілетті органға материалдар жібереді.

      14. Мемлекеттік тізілімге енгізілгеннен кейін уәкілетті орган тиісті ақпаратты уәкілетті органның ресми сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

      15. "Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік" мәртебесі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша сертификатпен куәландырылады.

  "Ғылыми табиғи объект –
ұлттық игілік" мәртебесін
беруге жататын ғылыми
табиғи объектілерді
айқындау қағидаларына
қосымша

      Нысан

"Ғылыми табиғи объект - ұлттық қазына" мәртебесін куәландыратын сертификат

      Қала ______ № _____ 20___ жылғы "___" ___________

      1. Ғылыми табиғи объект __________________________________________ (заңды тұлғаның атауы) 2. Ғылыми табиғи объектінің деректері:______________________________ (заңды тұлғаның деректемелері) 3. Ғылыми табиғи объектінің түрі:___________________________________ 4. "Ғылыми табиғи объект-ұлттық игілік" мәртебесін беру туралы ______________________________ № ___ "___" __________ 20___ жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде: "Ғылыми табиғи объект - ұлттық қазына" мәртебесі куәландырылады Уәкілетті органның лауазымды тұлғасы ____________ ___________________________________________________ (қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және лауазымы) Мөрдің орыны

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады