Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеу және есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 31 қаңтардағы № 21 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 1 ақпанда № 33955 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 17-бабының 4-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеу және есепке алуды жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуі;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет - ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
С. Жакупова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Астана, Алматы, Шымкент қалалардың

      және облыстардың әкімдіктері

  2024 жылғы 31 қаңтардағы
№ 21 Бұйрығымен
бекітілген

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеу және есепке алуды жүргізу қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеу және есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 17-бабының 4-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеу және есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға – өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан олардың еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне әсер етуі;

      3) еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйе – мемлекеттік еңбек инспекторларын тексеру, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру нәтижелерін есепке алуды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе;

      4) жұмыс беруші – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға.

2-тарау. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеу және есепке алуды жүргізу тәртібі

      3. Жұмыс беруші тәулік ішінде еңбек қызметіне байланысты болған жазатайым оқиға туралы жұмыс берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға хабарлайды.

      4. Еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиға тергеп-тексерілуге жатады.

      5. Еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін жұмыс беруші тергеп-тексеру материалдарына сәйкес үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазатайым оқиға туралы актіні қағаз және электрондық жеткізгіштерде еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жібереді.

      6. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркеуді және есепке алуды жұмыс берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйеде жүзеге асырады.

      7. Жазатайым оқиға туралы әрбір актіні еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйе арқылы жұмыс берушіден еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы акт келіп түскен күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешiктiрілмейтін мерзімде енгізіледі, онда мынадай мәліметтер қамтылған:

      1) жұмыс берушінің толық атауы, қызмет түрі;

      2) жұмыс берушінің заңды мекенжайы;

      3) жазатайым оқиға күні және уақыты;

      4) жазатайым оқиға болған жер;

      5) жазатайым оқиғаға алып келген оқиғаның түрі;

      6) зардап шегушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      7) жынысы (ер, әйел);

      8) зардап шегушінің жасы;

      9) зардап шегушінің кәсібі, лауазымы;

      10) жазатайым оқиға (кәсіптік ауру) болған кезде зардап шегуші орындаған кәсіп бойынша еңбек өтілі;

      11) нұсқау беруді және білімдерін тексеруді өткізу күні;

      12) медициналық тексеруден өткен күндері;

      13) жұмыс басталғаннан бері толық сағат саны;

      14) жазатайым оқиғаның мән-жайы;

      15) жазатайым оқиғаның негізгі себептері;

      16) жазатайым оқиғаны көрген адамдар;

      17) зардап шегушінің жазатайым оқиға кезіндегі жай-күйі;

      18) зардап шегушінің жарақат ауырпалығының дәрежесі;

      19) зардап шегушінің диагнозы;

      20) жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі және жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар;

      21) кінә дәрежесі (жұмыс берушінің, жұмыскердің).

      8. Есепке алынуға Кодекстің 186-бабының 2-тармағында көзделген еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады