Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 2024 жылғы 4 сәуірдегі № 173 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 10 сәуірдегі № 8569-04 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" 97-бабына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Қобда аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Қобда аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қобда аудандық
мәслихатының төрағасы
Ж. Ергалиев

  Қобда аудандық мәслихатының
2 2024 жылғы 4 сәуірдегі № 173
шешіміне 1 қосымша

Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қобда ауданында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын жайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергiлiктi өкiлдi орган белгiлеген шектi жол берiлетiн деңгейi арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне шекті жол берілетін шығыстар үлесі 5 (бес) пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тегін негізде көрсетіледі. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Қобда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырылады.

      2. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының 3 тарауымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағидалар) айқындалатын тәртіппен тұрғын үй көмегін алуға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін уәкілетті орган есептейді.

      4. Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін алу үшін уәкілетті органға "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тұрғын үй көмегін тағайындау туралы өтініш жолдайды және келесідей құжаттарды ұсынады:

      Мемлекеттік корпорацияға:

      1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      3) отбасының кірісін растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      4) жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі

      туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      5) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      6) банктік шоты;

      7) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;

      8) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;

      9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс

      қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      10) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;

      "электрондық үкіметтің" веб-порталына:

      1) аз қамтылған отбасының (азаматтың) электрондық цифрлық

      қолтаңбасымен (бұдан әрі–ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;

      2) отбасының кірісін растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;

      3) жұмыс орнынан анықтаманың немесе жұмыссыз адам ретінде

      тіркелуі туралы анықтаманың электрондық көшірмесі;

      4) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;

      5) банктік шотының электрондық көшірмесі;

      6) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;

      7) коммуналдық қызметтерді тұтыну шотының электрондық көшірмесі;

      8) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың электрондық көшірмесі немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      9) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.

      5. Тұрғын үй көмегін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген.

      6. Осы Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінің 4 тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      7. Аз қамтылған отбасылар (азаматтар) (немесе нотариалды куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінің 10 тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, өтініш бергенге дейін өткен тоқсан үшін отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстардың шоттарын ғана ұсынады.

      8. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуіне өтеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      10.Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсетуден мынадай негіздер бойынша:

      1) тұрғын үй көмегін алу үшін аз қамтылған отбасы (азамат) ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;

      2) аз қамтылған отбасының (азаматтың) және (немесе) тұрғын үй көмегін көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) аз қамтылған отбасыға (азаматқа) қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болған жағдайда;

      4) аз қамтылған отбасыға (азаматқа) қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, соның негізінде аз қамтылған отбасы (азамат) тұрғын үй көмегін алуға байланысты арнайы құқықтан айырылғанда бас тартады.

      11. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      12. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

      13. Төлем тоқсан сайын, тоқсанның соңғы айының 20 (жиырмасыншы) күнінен кейін жүргізіледі.

      14. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым уәкілетті органға және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адамға беріледі.

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жолдайды.

      Уәкілетті орган шағымды 3 (үш) жұмыс күні ішінде қолайлы акт қабылданған, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекет жасалған жағдайда, уәкілетті орган шағымды қарайтын органға (жоғары тұрған әкімшілік органға және (немесе) лауазымды адамға) шағымды жібермейді.

      Уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен аз қамтылған отбасының (азаматтың) шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңның 25-бабы 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Шағымды қарайтын уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен аз қамтылған отбасының (азаматтың) шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Егер заңда жоғары тұрған органға шағым жасау қажеттілігінсіз сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген жағдайда, әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік орган, лауазымды адам сотқа пікірмен қатар жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамының уәжді ұстанымын ұсынады.

      15. Осы Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібімен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

  Қобда аудандық мәслихатының
2 2024 жылғы 4 сәуірдегі № 173
шешіміне 2 қосымша

Қобда аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1) Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының "Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" 2021 жылғы 5 қаңтардағы № 427 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8009 болып тіркелген);

      2) Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының "Қобда аудандық мәслихатының 2021 жылғы 5 қаңтардағы № 427 "Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 15 маусымдағы № 24 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8373 болып тіркелген);

      3) Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының "Қобда аудандық мәслихатының 2021 жылғы 5 қаңтардағы № 427 "Қобда ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 91 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8458 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады